Жергілікті бизнеске арналған өнімдер мен қызметтер
Клиентке қызмет ету — AIX жұмысының негізгі қағидаттарының бірі. Сондықтан біз жергілікті бизнестің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін бірқатар өнімдер/қызметтерді әзірледік.
Акциялардың аймақтық нарығының сегменті (REMS)
Орташа компаниялар капиталды тартудың қарапайым және үнемді тәсілдерін іздейді, ал акциялардың аймақтық нарығының сегменті (REMS) қазақстандық бизнес үшін осындай мүмкіндік бола алады.
- Акциялардың аймақтық нарығының сегменті орта бизнес кәсіпорындары мен олардың инвесторларының ерекшеліктерін жақсы ескереді.
- Қазақстандық кәсіпорындар капитал тартуы үшін экожүйені дамытуға ықпал етеді.
- Серпінді және анағұрлым өтімді нарықты қамтамасыз ету үшін шетелдік және өңірлік инвесторлар тарапынан қызығушылықтың артуына ықпал етеді.
- Әлеуетті эмитенттер үшін әкімшілік ауыртпалықты азайтады.
- Банктік несиелендіру қолжетімді болмаған немесе оны несие алу шарттарына қанағаттанбаған кезде балама ұсынады.
- Бұл эмитенттер үшін листинг пен капиталды тартудың барынша арзан, қарапайым рәсімі.
- Инвесторлар үшін – бұл халықаралық стандарттар мен практикаларға сәйкес инвесторлардың мүдделері қорғалуы қамтамасыз етілетін АХҚО юрисдикциясындағы инвестициялардың ыңғайлылығы.
Өтімділікті басқару бағдарламасы
Бағдарлама компаниялардың бір тобының аясында қаржыландыруға деген қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған, бұл компанияларға бірнеше күн ішінде қарыз құралдарын шығаруға мүмкіндік береді.
Бағдарлама компанияларға ақша қаражатын генерациялайтын кәсіпорындардан алынған қаражатты бір топ аясында ақша тұтынатын кәсіпорындарға қайта бөлу арқылы өтімділікті басқаруға көмектеседі. Бағдарлама шеңберінде шығарылған облигациялар кепілдендірілмеген бағалы қағаздар болып саналады және тек аккредиттелген инвесторларға ұсынылады.
Тікелей листинг
Тікелей листинг – бұл компанияның жаңа акционерлік капиталды тартпай және дәстүрлі бастапқы орналастыруды (IPO) өткізбестен жария нарыққа шығу процесі. Эмитент акцияларды әлеуетті инвесторларға, әдетте, өтінімдер кітабын жинау арқылы белгілі бір жеңілдікпен сататын IPO-дан айырмашылығы, тікелей листинг кезінде акционерлер сауда-саттық режимінде биржа арқылы бастапқы сатылымдарды жүзеге асырады және бағалар AIX сауда-саттық қағидаларына сәйкес сатып алу-сату өтінімдерінің сәйкестігі негізінде анықталады. Тікелей листинг мақсаттары үшін эмитенттің Ресми тізімге енгізілген күні еркін айналымдағы акциялары (free float) болмауы мүмкін және бұл талап бір жыл ішінде орындалуы керек.
Жария компания мәртебесі осындай компанияның акционерлеріне өз акцияларын ұйымдастырылған нарықта еркін сатуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, тікелей листинг кезінде андеррайтерлерді тартудың және өтінімдер кітабын жинаудың қажеті жоқ, бұл листингтің уақыты мен құнын қысқартады. Жеке компанияларға биржада листинг алудың балама жолдарын ұсына отырып, біз көбірек эмитенттер қор нарығында қажетті қаржыландыруды тарта алатынына, ал инвесторларға тартымды инвестициялық мүмкіндіктердің кең ауқымы қолжетімді болады деп сенеміз.
Шағын және орта бизнеске арналған облигациялар
ШОБ-тың жаңа облигациялары шағын және орта кәсіпорындарды капитал нарықтарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, белгіленген лимиттер шегінде теңгемен қысқа мерзімді қаржыландыруды алуда қолдау көрсетуге арналған.
AIX листингке қойылатын талаптарды түзетіп, шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін стандартты тарифтерді қайта қарады, сонымен бірге осындай компаниялардың қарызға уақтылы қызмет көрсетуін қамтамасыз ету үшін арнайы міндеттемелерді енгізді.
ШОБ облигациялары туралы толық ақпарат ШОБ облигациялары жөніндегі нұсқаулықта берілген.
Коммерциялық қағаздар
Коммерциялық қағаздар – бұл қысқа мерзімді айналым капиталына деген қажеттіліктерін қаржыландыру үшін (жалақы төлеу, жеткізушілермен есеп айырысу, тауарлық-материалдық қорларды толықтыру, эмитенттің негізгі қызметіне байланысты басқа операциялық шығындар) несиесі расталған компаниялар шығаратын кепілдендірілмеген қысқа мерзімді қарыз міндеттемелерінің кең таралған түрі.
Коммерциялық қағаздар кез-келген номиналы бар кәсіби (аккредиттелген) инвесторларға ұсынылуы мүмкін. Ұсыныстар тек аккредиттелген инвесторларға арналғанын ескере отырып, олар кем дегенде 100 000 лотпен сатылады. Коммерциялық қағаздарды сатып алушылар қатарында корпорациялар, қаржы институттары, дәулетті жеке тұлғалар және қысқа мерзімді инвестициялар қорлар бар.
Коммерциялық қағаздар әдетте ағымдағы нарықтық кірісті көрсететін жеңілдікпен (номиналдан арзан) орналастырылады. Коммерциялық қағаздардың өтеу мерзімі бірнеше күннен тұрады және 365 күннен аспайды.
Тау-кен сегменті
2019 жылы AIX тау-кен компанияларының қаржыландыруын тарту ережелерін бекітті. Олар Торонто мен Австралия қор биржасында тау-кен кәсіпорындарының листингінде қолданылатын стандарттарға негізделген. Қағидаларда дамудың озық сатыларында (1-деңгей) ірі тау-кен компанияларын және тәуекелдің неғұрлым жоғары дәрежесі мен әлеуетті неғұрлым жоғары табыстылығы (2-деңгей) тән юниорлық компанияларды бөлетін сараланған тәсіл қолданылды. Компанияларға қойылатын негізгі талап-оларда құзыретті тұлғаның геологиялық жұмыстар мен минералдық қорлардың нәтижелері туралы есебінің болуы.
Берілген деңгейге байланысты тау-кен компаниялары листинг бойынша бірқатар талаптардан босатылады, мысалы, таза пайданың болуы және шығарылатын акциялардың минималды нарықтық капиталдандырылуы. Бұл ретте эмитенттер білікті менеджмент пен техникалық персоналдың болуын, сондай-ақ тау-кен саласының озық халықаралық стандарттарына сәйкес тәуелсіз сарапшылар растаған геологиялық есептілікті көрсетуге міндетті болады.
Тау-кен сегментінің ережесін мына жерден жүктеп алуға болады.