AIX Дамуы

БІЗДІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІМІЗ 

Astana International Exchange әлемдік деңгейдегі сауда алаңын қалыптастыру процесін сәтті аяқтады және бизнесті одан әрі дамыту үшін жаңа міндеттерді орындауға дайын.

Біз жоғары технологиялар мен сараптаманы ғана емес, сонымен қатар шетелдік инвестициялық қоғамдастыққа түсінікті реттеуші ортаны ұсынатын сауда платформасын нөлден бастап құрдық. AIX-те қазақстандық брокерлерді, сондай-ақ Қытайдан, Ресейден және Еуропадан келген брокерлерді қамтитын 30 сауда мүшесінен тұратын экожүйе құрылды.

AIX-тің мақсаттарының бірі – бөлшек инвесторлар базасын ұлғайту және бағалы қағаздарға инвестициялауды барынша қолжетімді ету. Біз инвесторларға салиқалы шешімдер қабылдауға және саналы инвестициялық мінез-құлықты қалыптастыруға мүмкіндік беретін қауіпсіз және сенімді ортаны құрдық. Біз инвесторлардың артып келе жатқан сұранысын қанағаттандыру үшін қаржылық өнімдердің кең спектрін дамыту үшін жұмыс істеп жатырмыз.

2022 жылы AIX «Самұрық-Қазына» қорын жекешелендіру бағдарламасы шеңберінде Қазақстанның барлық азаматтарына ұлттық компаниялар акцияларының жария ұсыныстарына («IPO») қатысу үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында тікелей жазылу платформасын іске қосты. Бөлшек инвесторлардан мобильді қосымша арқылы тікелей сататын акционерге сатып алуға өтінім беру құралы «ҚазМұнайГаз» ҰК IPO аясында Қазақстанның қор нарығы тарихында алғаш рет пайдаланылды.

AIX-те «ҚазМұнайГаз» жай акцияларымен сауда-саттық 2022 жылғы 8 желтоқсанда басталды. Біз бөлшек инвесторлардың Tabys және «Қазпошта» АҚ филиалдық желісі арқылы іске асырылған тікелей жазылу бойынша шешіміміз арқылы қатысуын үлкен жетістік деп санаймыз – 1 млрд теңгеден астам сомаға 6 000-ға жуық өтінім келіп түсті.

Басқа құралдармен қатар, 2022 жылы AIX-те үш жаңа биржалық нота (ETN) листингтен өтті: Қытайдағы қор нарығының көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін ең ірі биржалық қорлардың бірі – CNYA акциялары бар юаньмен алғашқы ETN ; шариғат нормаларына сай келетін бағалы қағаздарға инвестиция салатын ISDW акциялары бар исламдық ETN; базалық актив ретінде Vanguard Real Estate ETF акциялары бар жылжымайтын мүлікке арналған ETN.

AIX қазақстандық бизнеске айналым капиталын тартудың тағы бір жылдам әрі үнемді әдісін – коммерциялық қағаздарды ұсынды. Биржаның листинг қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді. Коммерциялық қағаздар – бұл қысқа мерзімді айналым капиталына деген қажеттіліктерін (жалақы төлеу, жеткізушілермен есеп айырысу, тауарлық-материалдық қорларды толықтыру, эмитенттің негізгі қызметіне байланысты басқа операциялық шығыстар) қаржыландыру үшін кредиттік қабілеттілігі расталған компаниялар шығаратын кепілдендірілмеген қысқа мерзімді қарыз міндеттемелерінің кең таралған түрі.

«Ситибанк Қазақстан» АҚ AIX Орталық депозитарийінің (AIX CSD) қатысушысы атанды, бұл халықаралық институционалдық инвесторларға өз активтерін AIX CSD-дегі «Ситибанк Қазақстан» АҚ кастодиандық шотында сақтауға мүмкіндік береді.

AIX қор нарығында орнықты қаржыландыру жүйесін жоспарлы түрде дамытуда және осы процеске қатысушыларға кәсіби қолдау көрсетіп келеді. Біз эмитенттер мен инвесторлардың арасында орнықты даму практикасының енгізілуі мен ESG мақсаттарының іске асырылуының жаһандық ынталандырылуы аясында Қазақстандағы ESG облигациялар мен «жасыл» облигациялар нарығының көлемі өсуін жалғастырады деп күтеміз.

2022 жылы AIX-тегі жауапты қаржыландыру өнімдерінің желісі әртүрлі ESG санаттарына жататын облигацияларды шығару мен листингтеу жөніндегі биржа қағидаларының жаңа тарауына сәйкес кеңейтілді. Белгілі бір ESG санаты облигацияларға эмитент Биржа ESG саласындағы танылған халықаралық стандарттардың біріне сәйкестігін растаған кезде «ашық архитектура» қағидаты бойынша беріледі. Бұл құрылым эмитенттерге орнықты дамуға қатысты жобаларын қаржыландыру үшін ең қолайлы ESG-стандартын таңдауда икемділік береді. Облигацияларға берілетін ESG-санат тиісті ESG-стандартын көрсетеді және әлеуметтік, тұрақты, көгілдір облигацияларды, транзиттік облигацияларды және орнықтылыққа байланысты басқа санаттағы облигацияларды қамтуы мүмкін.

AIX ДАМУЫНЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАРЫ