
2020 жылы Astana International Exchange қаржылық сауаттылықты ілгерілету жөніндегі әлеуметтік жоба ретінде әзірлеп, іске қосқан Tabys инвестицияларға арналған мобильді қосымшасы жаңа белесті бағындырмақ. Сервис пайдаланушыларының инвестициялық өнімдердің үлкен спектріне қол жеткізуін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жақсарту үшін Teniz Capital Brokerage Ltd брокерлік компаниясы жеке серіктес ретінде тартылды.
Tabys қосымшасы іске қосылған сәттен бастап инвестициялауды енді бастаған қазақстандық инвесторларға биржалық ноталарды (ETN) қоса алғанда, инвестициялық өнімдерге, ұлттық компаниялардың IPO және SPO-ларына қатысуға және кейбір жеке компаниялардың облигациялық шығарылымдарына қол жеткізуге мүмкіндік беріп келеді.
АХҚО-да тіркелген лицензияланған кәсіби брокермен серіктестіктің арқасында қолжетімді құралдар спектрі кеңейеді. Ол AIX-те листингтен өткен акциялар мен облигацияларды, халықаралық нарықтарға қолжетімділікті және басқа да қаржы құралдарын қамтитын болады. Бұл пайдаланушыларға өздерінің әртараптандырылған инвестициялық портфельдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді, және де капитал нарықтары мен бағалы қағаздар жөніндегі кәсіби аналитикаға (бұл да Tabys-қа қосылатын болады) қолжетімділік қор нарығында тиімдірек инвестициялауға мүмкіндік береді.
Жобаны «Астана» халықаралық қаржы орталығы бақылайтынын, ал клиенттердің шоттары бұрынғыдай AIX Бағалы қағаздар орталық депозитарийінде (AIX CSD) болатынын айта кету керек. АХҚО әкімшілігінің Басқарма төрағасы Ернар Жанәділ Tabys Ltd. компаниясының директорлар кеңесінің құрамына кіреді. Мәміле туралы тиісті хабарламалар және барлық қажетті құжаттама АХҚО Қаржылық қызметтері көрсетуді реттеу жөніндегі комитетке жіберілді.
Tabys-тың қазіргі қолданушыларына қосымша тіркеу/қайта тіркеу процедураларынан өтудің қажеті жоқ, кейіннен брокер ережелеріне сәйкес қосымша деректер сұралуы мүмкін. Қолданбаның өзі бұрынғы режимде жұмысын жалғастырады, бұл ретте инвестициялық құралдар жиынтығы біртіндеп кеңейіп отырады. Tabys клиенттер алдындағы барлық міндеттемелерін орындауды тоқтатпайды.
Tabys Ltd. CEO Жарас Мұсабеков: «Бұл серіктестік қазақстандық инвесторлардың мүмкіндіктерін кеңейте отырып, Tabys дамуының жаңа кезеңін айшықтайды. Енді инвесторлар үйреншікті экожүйеде қалып, одан да көп құралдарға қаражат сала алады. Бұл сонымен қатар білімді практикалық қолдануға және әртараптандырылған инвестициялық портфельдерді құруға ықпал ету арқылы білім беру аспектісін күшейтеді», – деп өз ойымен бөлісті.
Teniz Capital Brokerage Ltd басқарушы директоры Ерлан Солтанов: «Tabys-пен әріптестік Қазақстандағы цифрлық инвестициялық шешімдерді дамытудағы дәйекті қадам. Жергілікті және халықаралық нарықтарда капиталды тиімді басқаруға мүмкіндік беретін инновациялық құралдардың клиенттерге ұсынылуынан жоғары әлеуетті көріп отырмыз».
Tabys қосымшасын пайдаланатын клиенттер АХҚО-ның реттеу жүйесінің барлық артықшылықтарын пайдалануды жалғастыра береді. Қолданбаның қызметі барлық операциялар мен есептердің ашықтығына, сондай-ақ ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі халықаралық талаптардың сақталуына кепілдік беріп, инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ете отырып, АХҚО нормаларына одан әрі де толық сәйкес келетін болады.
АХҚО баспасөз қызметінің байланыс деректері
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
Тел: +7 701 777 6558
E-mail: [email protected]
Tabys-тың клиенттермен жұмыс бөлімінің байланыс деректері
Tel: +7 776 290 9895
E-mail: [email protected]
Teniz Capital Brokerage Ltd байланыс деректері
Tel: + 7 727 3553722
E-mail: [email protected]