АҚШ долларының репо нарығы AIX жүйесінде іске қосылды

15 Қараша 2022

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») сату мен кері сатып алу (репо) келісімдерінің нарығы іске қосылғандығы туралы қуана хабарлайды. Нарыққа қатысушылар енді АҚШ долларымен деноминирленген акцияларды саудалап, олармен репо мәмілелерін жүргізе алады. Репо нарығы «Kaspi Bank» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ үшін бір тәуліктен бастап 4 аптаға дейін бұрыннан қолжетімді.


Оливье Гэрис, АІХ операциялық директоры, репо бастамасы туралы:
«Бұл іске қосу барлық жергілікті бөлшек сауда инвесторлары мен сауда қатысушылары үшін үлкен мүмкіндіктер ұсынады және біздің капитал нарығымызды ірі ойыншылардың кеңейтілген санына ашып, АІХ-те жалпы өтімділік пен мөлдірлікті жоғарылатады. АІХ биржасы біздің бөлшек сауда инвесторларымыздың сұраныстарын қанағаттандыруға ұмтылады және репо нарығын құру оның одан әрі дамуы мен өсуіне ықпал ететін болады».


Репо нарығы сегментіне қолжетімділікті Repo Webtrader арнайы интерфейсі арқылы немесе FIX тапсырыстарды басқару жүйесі арқылы алуға болады. АІХ Орталық бағалы қағаздар депозитарийі (AIX CSD) репо мәмілелері бойынша есеп айырысуларды жүзеге асырады.

Анықтама:
AIX биржасы 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Голдман Сакс, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын да ұсынатын NASDAQ AIX акционерлері болып табылады. Биржа өз қызметін ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық орта шеңберінде жүзеге асырады, осы арқылы инвестициялық қызметті жүргізудің сенімді шарттарын қамтамасыз етеді. AIX миссиясы жеке және мемлекеттік кәсіпорындар үшін қаржыландыру тартудың айқын және қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде белсенді капитал нарығын дамыту болып табылады. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберіндегі инфрақұрылымдық жобаларды дамытады. Қосымша ақпарат ww.aix.kz сайтында қолжетімді
Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі Даму Cтратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде бекiтiлуi болып табылады. www.aifc.kz