2022 жылғы қазан айындағы нарықтық белсенділікке шолу

21 Қараша 2022

AIX-тегі сауда-саттық көлемі

2022 жылдың қазан айында сауда-саттық көлемі өткен айдың көрсеткіштеріне қатысты аса бір қатты өзгеріссіз 11 644 926 АҚШ долл. құрады, сауда-саттық көлемі 0,14%-ға төмендеді. Сауда белсенділігінің шамалы төмендеуі үлестік құралдар және ETN/ETF бойынша сауда-саттық көлемінің төмендеуі аясында орын алды, дегенмен борыштық құралдар саудасы көлемінің 14,3%-ға өсуі жалпы жағдайды теңестірді.

Эмитенттер, брокерлер, шоттар

2022 жылдың қазан айының соңындағы жағдай бойынша AIX ресми тізіміне 88 түрлі эмитенттің 130 бағалы қағазы, соның ішінде 19 ETN (Exchange traded notes) кірді. AIX сауда мүшелерінің қатарында 17 қазақстандық және 12 халықаралық брокер бар. AIX Орталық депозитарийінде инвесторлардың 447 мыңнан астам шоты ашылды.

Қазан айында AIX ресми тізіміне сомасы 50 млн АҚШ долларын құраған Home Credit Bank облигацияларының листингі кірді, бұл листинг 300 млн АҚШ долларын құрайтын екі жылдық облигациялық бағдарламаның алғашқы траншы.

AIXQI индексі

Қазан айы бойы AIXQI индексі өткен айдың жабылу деңгейіне қатысты жасыл аймақта саудаланып, қазан айының қорытындысы бойынша 2,99%-ға өсті. Осылайша, AIXQI индексінің мәні 854,13 пункттен 879,71 пунктке дейін өсті, индекс компанияларының жартысы қазан айын оң нәтижемен аяқтады.

AIXQI индексінің компоненттері арасында өсу көшбасшысы айды 10,78% өсіммен аяқтаған Kaspi.kz акциялары болды. Айдың соңында компания 2022 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша есеп беріп, жақсы нәтижелер көрсетті – түсім қаржының өсуі 40%-ды құрады, ал Kaspi-дің таза пайдасы 36%-ға өсті. Оң қаржылық нәтижелерді жариялаумен қатар, компания Директорлар кеңесінің 2022 жылғы 3 тоқсандағы бір акцияға 600 теңге мөлшерінде дивидендтерді бекіткені туралы хабарлады. Өткен тоқсанның қорытындысы бойынша компания бір қағазға 500 теңге төледі.

Қазақтелеком акциялары қазан айында 2021 жыл үшін бір акцияға 3 509,39 теңге мөлшерінде дивидендтер төлеу туралы шешім туралы жаңалықтар аясында 7,63%-ға өсті. Ұлттық телеком-оператор сондай-ақ AIX-те орналастырылған облигацияларды жалпы сомасы 34 млрд теңгеге ішінара мерзімінен бұрын сатып алу туралы хабарлады.

Қазан айында ЦентрКредит Банкінің баға белгілеулері өрлемелі тренд бойынша қозғалысын жалғастырды, айдың қорытындысы бойынша өсім 5,26%-ды құрады. Банк акциялары құнының өсуі бір жыл ішінде жарияланған сенімді қаржылық нәтижелерден, S&P және Moody’s агенттіктерінің несиелік рейтингтерін жақсартудан, сондай-ақ банктің депозиттік портфелінің айтарлықтай өсуінен болды.

Қазатомөнеркәсіптің акциялары қазан айында 2,58% өсіммен жабылды. 3-тоқсанда уран сату көлемі өткен жылдың көрсеткіштеріне қатысты 95%-ға өсті, 9 айда өсім 59% -ды құрады. Уранның спот бағасының жоғарылауына байланысты 2022 жылдың орташа сату бағасы 2021 жылдың сәйкес кезеңдерімен салыстырғанда жоғары болды.

AIXQI индексінің бірден 4 компаниясының баға белгілеулері елеусіз өзгерді – Central Asia Metals (-0,09%), Халық Банкі (-0,92%), KazTransOil (-1,16%), Kcell (-1,16%).

Central Asia Metals компаниясы 10 қазанда 2022 жылғы 3 тоқсандағы Қоңыраттағы мысты экстракция-электрбөлу әдісімен өндіру зауытындағы және Сасадағы (Солтүстік Македониядағы қорғасын кеніші) мырыш-металлургия зауытындағы қызметтің тұрақты өндірістік нәтижелерін ұсынды. Қоңырат бойынша компания 2022 жылға арналған өндіріс болжамын ұлғайту туралы жариялады.

Өткен айда Халық Банк қазан айында өтетін Банк акционерлерінің жиналысында дивиденд мөлшерін бекіту ниеті туралы хабарлады, осылайша 21 қазанда 1 акцияға 12,71 теңге мөлшерінде дивидендтер төлеу туралы шешім қабылданды (дивиденд кірістілігі – 10,8%).