Бағалы қағаздарға өзіңізде бардың бәрін салуға болмайды
Алдымен өмір сүруге және күтпеген шығыстар үшін ақша қалдырып қойыңыз. «Қауіпсіздік жастығын» жасаңыз – тек содан кейін ғана биржалық саудаға кірісіңіз. Жоғалтылуы жаныңызға тимейтін соманы инвестициялаңыз.
Жорамалдап әрекеттенбеңіз – оқытудан өтіп алыңыз
Егер сіз биржада өз бетіңізше саудаласу жөнінде шешім қабылдасаңыз, міндетті түрде оқытудан өтіңіз. Брокерлердің көбісі жаңадан бастаушы инвесторлар үшін курстар өткізеді.
Көңіл-күйге беріліп кетпеңіз
Қызбалықпен әрекеттеніп, көп қате жіберіп алуға болады. Жаңадан бастаушы инвестордың биржадағы бағаның болмашы қозғалысына шұғыл ден қойып керегі жоқ. Бірақ егер баға елеулі түрде өзгерсе, бел буып әрекеттену керек. Өзіңіз көтеруге дайын жоғалтулардың шекарасын белгілеңіз: мәселен, егер активтер 20%-ға арзандаса, сату керек және, биржада айтылатындай, залалдарды бекіту қажет.
Барлық жұмыртқаны бір кәрзеңкеге салмаңыз
Әртүрлі салалар компанияларының бағалы қағаздарын сатып алған жақсы. Мысалы, мұнайға баға құлдыраған кезде мұнай-газ секторының барлық компанияларының бағалы қағаздары зардап шегеді. Егер сіз экономиканың әртүрлі секторындағы компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алсаңыз, бұл салынған ақшаны жоғалту тәуекелін төмендетуге (немесе, қаржыгерлер айтатындай, тәуекелдерді әртараптандыруға) сізге көмектеседі.
Күніне 100% ақша табу уәделеріне сенбеңіз
Қор биржасында тек көз бояушылар ғана бірдеңеге кепіл бере алады. Ал жауапты брокер сізге тәуекелдер туралы ескертуі тиіс. Биржадағы ахуал өзгеріп отырады және қабылданған шешімдер үшін тек сіз ғана жауаптысыз.