2022 жылғы наурыз және ақпан айларына нарықтық белсенділікке шолу

13 Сәуір 2022

AIX-тегі сауда-саттық көлемі

Наурызда Қазақстанның қор нарығына негізгі теріс әсерді ақпан айында басталған геосаяси шиеленістік пен осыған байланысты Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі Ресей Федерациясына жасалған санкциялық қысым тигізді. Әлемдік орталық банктердің ультражұмсақ ақша-кредит саясаты, мемлекеттік фискалдық ынталандыру саясаты және шикізаттық ресурстарға бағаның өсуі туындатқан, өсіп келе жатқан инфляциялық қысым жаһандық перспективада қор нарықтарына елеулі әсер етеді. Соңғы 40 жылдың ішінде максимумға жеткен жоғары инфляциямен күрес мақсатында дамыған елдердің қаржылық реттегіштері бүкіл жерлерде ақша-кредит саясатын қатайту бағытын ұстанып отыр – наурызда АҚШ ФРЖ мен Англия Банкі негізгі мөлшерлемелерді 25 б. п.-ға, тиісінше 0,5% және 0,75% жоғарылатты.

Құбылмалылықтың өсуі мен оның салдарынан инвесторлардың тәуекелді активтерге қызығушылығының төмендеуі нарықтық белсенділіктің төмендеуіне әкелді – АІХ-те сауда-саттықтың жалпы көлемі 2022 жылғы наурызда 7 645 505 АҚШ долларын құрап, алдыңғы аймен салыстырғанда 42,1% -ға төмендеуді көрсетті. 2022 жылғы ақпанда АІХ-те сауда-саттықтың жалпы көлемі 13 195 870 АҚШ долларын құрап, алдыңғы аймен салыстырғанда 14,57% -ға өсуді көрсетті. 2022 жылғы 1-тоқсанның қорытындылары бойынша АІХ-те сауда-саттықтың көлемі 10 703 210 АҚШ долларына немесе 24,8%.

Эмитенттер, брокерлер, шоттар

Наурыздың аяғында АІХ-те үлестік құралдар листингі бар компаниялардың (Қазатомөнеркәсіп, Polymetal, Халық Банк, Ferro-Alloy Resources Limited, ЦентрКредит Банкі, Kaspi.kz) жалпы нарықтық капиталдандыруы  22,7 млрд АҚШД-дан асты.

2022 жылғы наурызда АІХ пен Катар қор биржасы (QSE) Өзара түсіністік туралы мморандумға қол қойды және әртүрлі салаларда өзара пайдалы ынтымақтастықты жолға қоюға уағдаласты. Келісімге сәйкес екі тарап та тиісті құқықтық регламенттер, бірлескен зерттеулер мен білім беру бастамаларының шеңберінде нарықтық операциялар туралы ақпарат пен мәлімет алмасуға ықпал ететін болады.

Бұдан бұрын АІХ және Абу-Даби Қор биржасы (ADX) ынтымақтастық талапшарттары туралы уағдаласып, келісім мақсаттарына жеткізетін одан әрі қарайғы қадамдарды межеледі. Нарықтардың өтімділігін жоғарылату мақсатында екі биржаның да сауда мүшелерінің арасындағы байланысты нығайту басымды болып табылады. Биржалар нарыққа тікелей қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін екіжақты арналарды өзара ендіруді көздеп отыр, бұл АІХ брокерлеріне ADX-ке және керісінше қолжетімділік алуға мүмкіндік береді. Екі биржаның да орталық бағалы қағаздар депозитарийлері арасындағы байланысты жеңілдету биржалық қорлар (ETF) мен бағалы қағаздар кросс-листингін бекітілген кіріспен жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұдан басқа, АІХ пен ADX шариат нормаларына сәйкес келетін биржалық өнімдер саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мүдделі.

AIXQI Индексі

Наурызда AIXQI индексі қалпына келгенін көрсетті – индекстің мәні 801.1 пунктіден 932.51 пунктіге дейін өсіп  (+16,4%), іс жүзінде индекстің ақпан айындағы елеулі төмендегенінің есесін қайтарды.

Айдың қорытындысы бойынша өсудің көшін Central Asia Metals акциялары бастады (+13,15%), наурызда компания өзінің 2021 жылғы қызметінің оң нәтижелері туралы есеп берді – түсімнің, таза пайданың өсуі, акционерлерге дивидендтік төлемдер мөлшерінің өсуі мен басқа да қаржылық өлшемдердің жақсаруы аталды, сонымен қатар өндірістік көрсеткіштерді жоғарылату бойынша 2022 жылға арналған жоспар туралы хабарландырылды. Наурыз айында

Наурыз айында Қазатомөнеркәсіп акциялары 9,88% өскеніне қарамастан, олар қаңтар мен ақпандағы төмендеуден кейін тек ішінара қалпына келді. Уранның әлемдік бағасы рекордты өскенімен, уран жеткізу ұзақмерзімді келісімшарттар шеңберінде белгіленген бағамен жүзеге асырылғаны себепті, наурызда ұлттық компания өзінің түсімінің төмендегені туралы есеп берді.

Қазақстанның банк секторының өкілдері айды әртүрлі бағыттарда жапты – Банк ЦентрКредит 3,73%-ға өсті, ал Халық Банк -1,02%-ға төмендеді. Жалпы алғанда, отандық банк секторы қаңтардағы оқиғалар жағдайындағы төмендеуден кейін жақсы қалпына келу динамикасын көрсетті. Қарыз алушылардың 2022 жылдың 1-тоқсанындағы дәстүрлі әлсіз кредиттік белсенділігіне және ҚР ҰБ-ның ақша-кредит саясатын қатайту жөніндегі жыл ішінде екінші рет қабылданған шешіміне (базалық мөлшерлеменің бірден 3,25 п.п.-ге, 13,50%-ға өсуі) қарамастан, ақпанда кредиттік портфельдің өсуі 3,26%-ға дейін елеулі түрде артты (2021 ж. және 2020 ж. ақпанда тиісінше -0,29% және +0,98%).

Телекоммуникациялық сектор аздаған плюспен жабылды –  Kcell мен Қазақтелеком тиісінше 0,59%-ға және 0,16%-ға өсті. KazTransOil баға белгілеулері алдыңғы жылғы, салыстырмалы түрде әлсіз қаржылық есептілік жариялануы жағдайында құн бойынша -3,43% жоғалтты. Наурыз айының ішінде Kaspi.kz акциялары 15,44%-ға төмендеді. Компания Лондон қор биржасында листингтелген ЖДҚ-ларды кері сатып алу бағдарламасы іске қосылуы ықтимал екені туралы хабарлады. Компания басшысының мәлімдеуінше, ағымдағы нарықтық капиталдандыру компания қызметінің нәтижелерін тиісті түрде көрсетпейді. Өсу траекториясының келесі кезеңі үшін компания ортамерзімді келешекте листингті анағұрлым қолайлы биржада қамтамасыз ету шараларын қабылдайды деп күтіледі.

Жауапкершілікті шектеу

Осы материалдар бағалы қағаздарды сатып алу немесе сату ұсынысы ретінде қаралмауы тиіс. Инвесторлар мен нарықтың басқа да қатысушылары бағалы қағаздарға инвестициялау туралы шешім қабылдаған кезде өз ой-пікірлері мен тәжірибелеріне сүйенулері тиіс. Осы құжатта берілген материалдар тек қана ақпараттық сипатқа ие және шынайы деп қаралатын жария дереккөздердегі ақпаратқа негізделген. Осы құжатта сипатталған бағалы қағаздар барлық юрисдикцияларда немесе инвесторлардың белгілі бір санаттарына сатуға жатпауы мүмкін. Инвестициялардың құны азаюы да, сол сияқты ұлғаюы да мүмкін және инвесторлар бастапқы инвестициялаған соманы түбінде жоғалтуы да мүмкін. Инвестициялық құралдардың бағалары мен инвестициялардың өткен кездердегі табыстылығының көрсеткіштері инвестициялардың болашақтағы нәтижелерін бағалау үшін бағдар бола алмайды.  Шетелдік валюта бағамының өзгерістері де инвестициялар құнының  азаюын немесе ұлғаюын тудыруы мүмкін. Инвестициялардың құнына немесе инвестициялардан түсетін табысқа әсер ететін басқа тәуекел факторларына, басқалармен қатар, саяси, экономикалық, кредиттік және нарықтық тәуекелдер кіреді. Инвестициялау туралы шешімдер қабылдар алдында инвестициялық консультация берушімен кеңесіп алу қажет. Осы құжатта ұсынылған ақпаратты компанияның жазбаша рұқсатынсыз кез келген мақсат үшін толығымен немесе ішінара қайта басып шығаруға, қайталап таратуға немесе жариялауға болмайды. Үшінші тұлғалардың осыған қатысты әрекеттері үшін компания да, оның қандай да бір үлестес тұлғасы да ешқандай жауапкершілік алмайды. Қосымша ақпарат пен  ілеспе құжаттама сұраныс бойынша ұсынылады.