Astana International Exchange (AIX, Биржа) әлеуетті эмитенттер мен инвесторлардың сұраныстарын барынша тиімді қанағаттандыру мақсатында өзінің қағидаларын оңтайландырды. Атап айтқанда, енді листингтік талаптар Ұлыбританияның Листинг жөніндегі басқармасының (UKLA) талаптарына, сондай-ақ Еуропалық одақ юрисдикциялары көпшілігінің талаптарына сәйкеседі. 2019 жылдың сәуір айында AIX Директорлар кеңесінің шешімімен Биржаның қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді және 2019 жылдың мамыр айында АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) мақұлдады.
Жаңартылған талаптар эмитенттерге шығындарды азайтуға, рәсімдерді оңтайландыруға және құжаттарды қарау мерзімдерін жеделдетуге мүмкіндік береді. Өзгерістер мен нақтылаулар сондай-ақ AIX трейдингтік жүйесінің ақпаратты ашу рәсімдеріне, сауда өлшемдеріне, сондай-ақ тәртіптік рәсімдерге қатысты болды.
«Біз эмитенттеріміздің тілектеріне негізделе отырып, олар үшін барынша қолайлы жағдай жасау, сонымен қатар инвесторларға, әсіресе, корпоративтік басқаруға қатысты ақпараттарды ашудың жоғары стандарттарына деген сенімділікті қамтамасыз ету үшін ережелеріміз бен рәсімдерімізді жетілдіру бойынша жұмыс істеуді жалғастырамыз», — деп атап өтті AIX Басқарма төрағасы Тим Беннетт.
Анықтама ақпарат:
Astana International Exchange «Астана» халықаралық биржасы 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылған. AIX акционерлері – АХҚО, GoldmanSachs, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және сондай-ақ AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ. AIX халықаралық инвесторларға таныс нормативтік-құқықтық орта аясында, ағылшын құқығының юрисдикциясында жұмыс істейді. Биржада сауда инфрақұрылымы әзірленді және толығымен жұмыс істейді. Жергілікті және халықаралық брокерлердің экожүйесі құрылды. 2018 жылдың қараша айында AIX-те «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ IPO-сы сәтті өтті. 2019 жылдың сәуірінде биржада Polymetal International Plc ірі тау-кен компаниясы қосарлы листингтен өтті. Сондай-ақ, AIX платформасында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің еурооблигациялары мен «Қазақстан темір жолы» АҚ корпоративтік облигациялары листингтен өтті және орналастырылды. «Шұбаркөл Көмір» АҚ және «Қазхром» ТҰК» АҚ бағалы қағаздары «pre-IPO» санатына қосылды. Бірнеше компания AIX-те борыштық бағалы қағаздарды (private placement) жеке орналастыруды жүргізді. AIX (AIX CSD) орталық депозитарийінің мүшелері екі кастодиан банкі болып табылады, AIX CSD-де инвесторлардың 60 000-нан астам шоты ашылды. AIX — Еуропа және Азия қор биржалары Федерациясының мүшесі. 2019 жылдың қаңтарында Ұлыбританияның Салық және кеден қызметі (HMRC) AIX-ке танылған қор биржасы мәртебесін берді. AIX CSD – еуропалық CSD қауымдастығының мүшесі. www.aix.kz
АХҚО. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО мақсаты халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру болып табылады. АХҚО-ның міндеттері қаржы қызметтері саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру жолымен ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен бірігуін қамтамасыз ету болып табылады. www.aifc.kz
БАҚ үшін байланыс:
Елена Пак
АІХ коммуникациялары жөніндегі басшысы
Tel: +7 (7172) 23 53 94
Email: [email protected]