Astana International Exchange және Маскат қор биржасы (Оман) Tabadul цифрлық хабы арқылы биржалық сауда-саттықты өткізу туралы келісімге қол қойды

06 сентября 2024

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») және Маскат қор биржасы («MSX») өзара тиімді мүмкіндіктерді зерделеуге бағытталған серіктестіктің басталуын белгілеген ынтымақтастық туралы меморандумға (MoC) қол қойды. Бұл ынтымақтастық MSX пен AIX-те саудаланатын бағалы қағаздарымен кросс-сауданы жеңілдету арқылы нарықтың өтімділігін арттыруға және сауда тетіктерін оңтайландыруға бағытталған.

Қос биржа да екіжақты кросс-биржалық сауданы қамтамасыз ету үшін Абу-Даби қор биржасы (ADX) құрған Tabadul цифрлық биржалық хабының белсенді мүшелері. Tabadul платформасы цифрлық желі арқылы аймақтық және жаһандық нарықтарды біріктіреді, ынтымақтастықты кеңейтуге және қатысушы нарықтардағы өтімділікті арттыруға ықпал етеді. Қазіргі уақытта Tabadul қатысушыларының қатарына Абу-Даби қор биржасы (ADX), Маскат қор биржасы (MSX), Бахрейн қор биржасы (BHB) және Astana International Exchange (AIX) кіреді.

Tabadul Hub-қа брокерлер ретінде қазақстандық Freedom Finance Global және Halyk Finance компаниялары қосылды. Қазіргі уақытта сауда-саттықтың жаңа қатысушыларын тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Серіктестікті одан әрі нығайту үшін Маскаттың клирингтік және депозитарлық компаниясы (MCD) және AIX Орталық бағалы қағаздар депозитарийі (AIX CSD) Tabadul платформасында MSX және AIX арасындағы кросс-листинг пен мәмілелер бойынша есеп айырысуларды жеңілдету үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім де есеп айырысу және депозитарлық қызметтерді жақсартуға бағытталған.

Әсел Мұқажанова, AIX басқарма төрағасы:

«AIX интеграцияланған капитал нарығын құру үшін халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты дамытуға ұмтылады. Біз Маскат қор биржасымен қарым-қатынасымызды тереңдетуге және серіктестеріміз бен клиенттерімізге үлкен пайда әкелетін жаңа мүмкіндіктерді зерделеуге қуаныштымыз».

Хайтам Әл-Салми, MSX басқарма төрағасы:

«Біз Astana International Exchange-мен ынтымақтастықты бастауға қуаныштымыз. Осы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою біздің өңірлік капитал нарығын жақсартуға және инвесторларымызға неғұрлым әртараптандырылған мүмкіндіктер беруге деген бейілдігімізді көрсетеді. Tabadul Hub платформасын пайдалана отырып, біз биржааралық сауданы қамтамасыз етуге, нарық өтімділігін арттыруға және барлық мүдделі тараптарға инвестициялаудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынуға тырысамыз. Бұл серіктестік аймақтағы өзара байланысты және сенімді қаржылық экожүйені құрудағы маңызды қадам және біз осы ортақ мақсаттарға жету үшін AIX-пен тығыз ынтымақтастыққа үміттенеміз».

Тabadul платформасы қабылдаушы биржалар белгілеген талаптарға сәйкес келетін жергілікті брокерлердің клиенттері саналатын инвесторларға қолжетімді болады.


Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Goldman Sachs, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ: www.aix.kz 

 «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті – ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде орнығу. www.aifc.kz