AIX-тегі сауда-саттық көлемі
2022 жылғы сәуірде АІХ-тегі сауда-саттықтың көлемі 21 599 206 АҚШ долл. құрап, ағымдағы жылдың наурыз айындағымен салыстырғанда 2,8 есе артты. 2022 жылғы сәуірде нарықтық белсенділік сауда-саттықтың көлемі 22 910 467 АҚШ долл. құраған былтырғы жылғы сәуірдегі көрсеткіштерден сәл төмен болып шықты.
Эмитенттер, брокерлер, шоттар
2022 жылғы сәуірдің аяғындағы жағдай бойынша, АІХ-тің ресми тізіміне 84 эмитетенттің 126 бағалы қағаздар шығарылымы, оның ішінде 2 ETF (Exchange traded funds) пен 17 ETN (Exchange traded notes) кірді. 18 қазақстандық және 12 халықаралық брокер АІХ-тің сауда мүшелері болып табылады. АІХ Орталық депозитарийінде инвесторлардың 306 мыңнан астам шоты ашылды, шоттардың саны Jusan Invest брокерінің 128 мыңнан аса шот ашуы есебінен елеулі түрде ұлғайды.
Сәуірдің аяғында АІХ-те үлестік құралдар листингі бар компаниялардың (Қазатомөнеркәсіп, Polymetal, ХалықБанк, Ferro-Alloy Resources Limited, ЦентрКредит Банкі, Kaspi.kz) жалпы нарықтық капиталдандыруы 24,9 млрд АҚШД-дан асты.
2022 жылғы сәуірде АІХ-тің ресми тізімі Халық Банктің жалпы сомасы 200 млн АҚШ долл. құрайтын, купондық мөлшерлемесі 2,5% үш жылдық облигацияларының листингімен толықты. Қазақстанның банк секторының көшбасшысының облигацияларын шығару 500 млн АҚШ долл. сомасының облигациялық бағдарламасының бірінші траншы болып табылады.
AIXQI индексі
Сәуірде AIXQI индексі 932.51 пунктіден 863.49 пунктіге дейін, 7,4%-ға төмендеді. Сәуірде 9 компанияның 3-уі ғана айды оң нәтижемен аяқтады. Ай ішіндегі ең жақсы өсімді Kaspi.kz акциялары көрсетті, олардың өсуі 22,4% құрады. Kaspi.kz құнының өсуіне компания қызметінің оң нәтижесі қозғау салды — 2022 жылдың 1-тоқсанындағы түзетілген таза пайда 117 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылдың 1-тоқсанына қарағанда 49% үлкен.
Бұған қоса, Kaspi.kz компанияның Директорлар кеңесі Лондон қор биржасында 100 млн АҚШ долл. сомасына ҒДҚ сатып алу бағдарламасын бекіткенін хабарлады. Central Asia Metals акцияларының бағасы аздап өсті (+1,7%), базалық металдарға өскен сұраныс компания бизнесінің ұзақмерзімді келешегіне оң әсерін тигізуде. Банк ЦентрКредиттің акциялары айды жасыл аймақта аяқтады (+1,41%). Банк сәуірде «Альфа-Банк» АҚ-пен «Альфа-Банк» Қазақстан ЕБ АҚ-ты сату жөнінде түбегейлі уағдаластыққа қол жеткізілгені туралы хабарлады, ол бойынша Банк ЦентрКредит ресейлік банктің еншілес ұйымының 100% жай акцияларын сатып алып, «Альфа-Банк» Қазақстанның жаңа акциорнеріне айналады.
Қазақтелеком акцияларының құны аздап төмендеді (-0,64%). Халық Банк акциялары айды құлдыраумен аяқтады (-6,32%), акционерлердің жиналысында қабылданған 2021 жылға дивиденд төлемеу шешімін нарық теріс қабылдады. Сонымен қатар сәуірде Халық Банк 330 млрд теңге сомасына «Сбербанк России» ЕБ АҚ портфелінің бір бөлігін сатып алғанын атап өткен жөн. Айдың қорытындылары бойынша Kcell акциялары -17,64%-ға төмендеді, компания басқармасының Төрағасы телеком-оператор акцияларының құнына ықтималды әсер ететін факторлар болуы себепті, нарықтың мұндай жауабын негіздеудің қиын екенін атап өтті, олардың қатарына іргелі макроэкономикалық көрсеткіштер мен геосаяси тәуекелдерді жатқызуға болады. 2022 жылдың 1-тоқсаны бойынша жарияланған есептілікке сәйкес, қаржылық көрсеткіштер жеткілікті түрде тұрақты. KazTransOil-дың жарияланған есептілігі мен дивидендтер төлеу жөніндегі жарияланған шешімі нарықтың күтулерінен шықпады, айдың қорытындысы бойынша мұнай құбыры компаниясының акциялары елеулі төмендеді (-21,13%). Жоғары геосаяси шиеленістің Polymetal акцияларына қысымы жалғасуда, ол сәуірде құны бойынша -27,08% жоғалтты. Нарық сонымен бірге Ресейге қарсы қолданылған санкциялардың Қазатомөнеркәсіпке әсер ету әлеуетін де бағалап отыр, оның акциялары сәуірде -14,05% төмендеді. Санкциялық режим әзірге уран саласына әсер еткен жоқ, алайда Қазатомөнеркәсіп орын алған жағдайдың барлық ықтималды тәуекелдері мұқият бағаланып отырғанын өзінің ресми мәлімдемесінде хабарлады. Компанияда тәуекелдерді барынша азайтуға және өз акционерлерінің мүдделерін қорғауға барынша күш салынатыны аталып өтті.
Индексті тоқсан сайын үнемі қайта қарау мақсаттарында 2022 жылғы 1 сәуірде AIXQI Индекс комитеті өтті. Оның қорытындысы бойынша индекске ешқандай толықтырулар немесе ерекшеліктер енгізілген жоқ. Ағымдағы нарықтық жағдайды ескере отырып, Индекс комитеті Polymetal-ды AIXQI индексінің құрамында қалдыруды және индексті кезектен тыс қайта теңгерімдеуді жүргізбеуді қаулы етті.
Жауапкершілікті шектеу
Осы материалдар бағалы қағаздарды сатып алу немесе сату ұсынысы ретінде қаралмауы тиіс. Инвесторлар мен нарықтың басқа да қатысушылары бағалы қағаздарға инвестициялау туралы шешім қабылдаған кезде өз ой-пікірлері мен тәжірибелеріне сүйенулері тиіс. Осы құжатта берілген материалдар тек қана ақпараттық сипатқа ие және шынайы деп қаралатын жария дереккөздердегі ақпаратқа негізделген. Осы құжатта сипатталған бағалы қағаздар барлық юрисдикцияларда немесе инвесторлардың белгілі бір санаттарына сатуға жатпауы мүмкін. Инвестициялардың құны азаюы да, сол сияқты ұлғаюы да мүмкін және инвесторлар бастапқы инвестициялаған соманы түбінде жоғалтуы да мүмкін. Инвестициялық құралдардың бағалары мен инвестициялардың өткен кездердегі табыстылығының көрсеткіштері инвестициялардың болашақтағы нәтижелерін бағалау үшін бағдар бола алмайды. Шетелдік валюта бағамының өзгерістері де инвестициялар құнының азаюын немесе ұлғаюын тудыруы мүмкін. Инвестициялардың құнына немесе инвестициялардан түсетін табысқа әсер ететін басқа тәуекел факторларына, басқалармен қатар, саяси, экономикалық, кредиттік және нарықтық тәуекелдер кіреді. Инвестициялау туралы шешімдер қабылдар алдында инвестициялық консультация берушімен кеңесіп алу қажет. Осы құжатта ұсынылған ақпаратты компанияның жазбаша рұқсатынсыз кез келген мақсат үшін толығымен немесе ішінара қайта басып шығаруға, қайталап таратуға немесе жариялауға болмайды. Үшінші тұлғалардың осыған қатысты әрекеттері үшін компания да, оның қандай да бір үлестес тұлғасы да ешқандай жауапкершілік алмайды. Қосымша ақпарат пен ілеспе құжаттама сұраныс бойынша ұсынылады.