AIX 2022 жылғы қызметінің нәтижелерін ұсынады

11 Қаңтар 2023

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») AIX қызметінің 2022 жылғы нәтижелерін ұсынады.

2022 жылдың алғашқы күндерінен-ақ әлемдік нарық түрлі сын-қатерлер мен ұлғая түскен тәуекелдер түріндегі аласапыранға тап болды, бұл әрине, Қазақстан экономикасына да әсер етті. Алайда геосаясаттың шиеленісуіне және макроэкономикадағы белгісіздікке қарамастан, AIX елдің болашағын айқындайтын жобаларды енгізе, олардың іске асырылуына өз үлесін қоса отырып, тұрақтылықты сақтауды жалғастыруда. Бұл жобалар Жекешелендірудің мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, жергілікті бөлшек инвесторлар базасын дамыту және инвесторлардың артып келе жатқан сұранысын қанағаттандыру үшін құралдар желісін кеңейту сияқты маңызды іс-шараларды қамтиды.

Жыл ішінде Қазақстанның инвестициялық ахуалына бірнеше факторлар теріс әсер етті және қазақстандық эмитенттердің бағалы қағаздарының құнының төмендеуіне, сондай-ақ AIX-тегі сауда-саттық көлемінің төмендеуіне әкелді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторларды үкімет тұрақты инвестициялық ахуалды қамтамасыз етеді және инвесторлар алдындағы өз міндеттемелерін орындайды деп сендірді. 2022 жылғы наурызда жекешелендіруді жандандыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес арқылы елдің инвестициялық климатына оң өзгерістер енгізуге бағытталған ауқымды саяси және экономикалық реформалар жарияланды.

2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша AIX қызметінің нәтижелері:

  • 2022 жылғы желтоқсандағы сауда-саттықтың айлық көлемі «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай компаниясының IPO-сының арқасында айтарлықтай өсіп, $35,4 млн-ға жетті, бұл 2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда екі жарым есе көп. 2022 жылы сауда-саттық көлемі $173 млн құрады.
  • AIX ресми тізіміне 85 түрлі эмитенттің 129 бағалы қағаз шығарылымы, соның ішінде 19 биржалық нота (ETN) кірді.
  • Тартылған борыштық капиталдың жалпы көлемі шамамен $2,39 млрд, тартылған үлестік капиталдың көлемі $348,9 млн құрады.
  • Қазақстан, Ресей, Қытай және еуропалық елдердің брокерлерін қоса алғанда, сауда мүшелерінің саны 30-ғе жетті.
  • AIX Орталық депозитарийінде (AIX CSD) 500 мыңнан астам шот ашылды.

 «ҚазМұнайГаз» ҰК IPO-сы

Қазақстанның вертикальды интеграцияланған жетекші мұнай-газ компаниясы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының жай акцияларының сауда-саттығы AIX-те 2022 жылғы 8 желтоқсанда басталды.

Орналастырудың 96%-ға жуығы қазақстандық бөлшек және институционалдық инвесторларға тиесілі болды. Тabys мобильдік қосымшасы және «Қазпошта» АҚ филиалдық желісі арқылы тікелей жазылу арқылы бөлшек инвесторлардың қатысуы зор жетістік болды – олардан 1 млрд теңгеден астам сомаға 6 000-ға жуық өтінім келіп түсті. IPO аясында мобильді қосымша арқылы бөлшек инвесторлардан тікелей сатушы акционерге сатып алуға өтінім беру құралы Қазақстанның қор нарығының тарихында алғаш рет пайдаланылды.

ҚМГ акциялары 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап AIX Qazaq Index-ке енгізілді, өйткені олар барлық қажетті өлшемшарттарға сәйкес келді және IPO сәтінен бастап жоғары өтімділікті көрсетті.

2022 жылғы AIX-тегі ірі орналастырулар:

  • Қазақстан Халық Банкі» АҚ (Halyk Bank) еншілес ұйымы «Халық Банк Грузия» АҚ-ның жылына 4% бекітілген купонмен және 2025 жылы өтеу датасымен номиналды көлемі $15 млн құрайтын 3 жылдық дебюттік облигациялары. Бұл шығарылым AIX-те тіркелген $45 млн облигациялық бағдарлама шеңберіндегі алғашқы транш саналады.
  • Биржалық ноталар (ETNs):
  • Базалық актив ретінде iShares MSCI China A ETF («CNYA») акциялары бар iX China Equities BR-дың юаньдағы алғашқы биржалық ноталары. CNYA – Қытайдағы қор нарығының көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін ең ірі биржалық инвестициялық қорлардың бірі.
  • шариғат нормаларына сәйкес инвестицияларды жүзеге асыратын ірі ислам қорларының бірі iShares MSCI World Islamic UCITS ETF («ISDW») базалық активі саналатын iX Islamic Exchange Traded Notes. 
  • базалық актив ретінде Vanguard Real Estate ETF («VNQ») акциялары бар iX US Real Estate Exchange Traded Notes. VNQ биржалық қорының АҚШ, Канада, Еуропа және Азияда жылжымайтын мүлікке иелік ететін 160-тан астам компанияда үлесі бар, сондай-ақ ірі, орта және шағын капиталдандырылған жылжымайтын мүлік инвестициялық қорларын (REITs) қамтиды.
  • Купон төлемі 20% және өтеу мерзімі 2023 жылға белгіленген сомасы 6 млрд теңге құраған NEF Qazaqstan дебюттік облигациялары AIX ресми тізіміне енгізілді. Nef Qazaqstan облигациялары бойынша төлем міндеттемелеріне жаһандық өсу стратегиясы бар Түркияның ірі девелоперлерінің бірі кепілдік береді.

Бөлшек инвесторлар

2022 жыл бойы біз AIX Орталық депозитарийінде шоттарын ашқан бөлшек инвесторлар санының күрт өсуін байқадық. Инвесторлар шоттарының саны 2021 жылмен салыстырғанда 3 еседен астам өсіп, 505 мыңға жетті. Оның ішінде 50 мыңнан астам шот ҚМГ IPO-сы қарсаңында ашылды.

2022 жылдың желтоқсан айының соңында Tabys мобильді қосымшасы арқылы инвестиция көлемі 2021 жылдың желтоқсан айының соңындағы $2,7 млн-мен салыстырғанда $3 млн-нан асты, ал соңғы 12 айдағы сауда-саттық көлемі 2021 жылғы $4,7 млн-мен салыстырғанда $3,5 млн құрады. Tabys қосымшасындағы белсенді инвесторлардың жалпы саны 11 мыңға жетті.

Жаңа құралдар мен қызметтер

  • AIX «Самұрық-Қазына» қорын жекешелендіру бағдарламасы шеңберінде «ҚазМұнайГаз» листингіне орайластырып тікелей жазылу құралын іске қосты, сол арқылы Қазақстан Республикасының барлық азаматтары үшін IPO-ға тең қолжетімділікті қамтамасыз етті.

Тікелей жазылу – бұл қағазбастылықты болдырмауға көмектесетін және Қазақстанның барлық азаматтарына ұлттық компаниялардың акцияларына жазылу үшін кең мүмкіндіктер беретін жаңа цифрлық шешім. Тікелей жазылым Tabys мобильді қосымшасы және/немесе бүкіл Қазақстан бойынша «Қазпошта» желісі арқылы қолжетімді.

  • AIX репо (repurchase agreement — сату және кері сатып алу туралы мәмілелер) нарығын іске қосты. Нарық қатысушылары енді АҚШ долларында көрсетілген акциялармен сауда жүргізіп, репо мәмілелерін жасаса алады. Репо нарығы ең алдымен бір күннен төрт аптаға дейінгі кезеңмен Kaspi, Kazatomprom және Halyk Bank бағалы қағаздары үшін қолжетімді.

Репо барлық жергілікті бөлшек инвесторлар мен сауда мүшелеріне зор мүмкіндіктер ұсынады және AIX биржасындағы жалпы өтімділік пен ашықтықты арттыра отырып, ірі ойыншылардың кеңейтілген саны үшін капитал нарығын ашады. Біз бөлшек клиенттеріміздің сұранысын қанағаттандыруға тырысамыз және репо нарығының құрылуы оның одан әрі дамуы мен өсуіне ықпал етеді.

  • AIX биржасы қазақстандық бизнеске айналым капиталын тартудың тағы бір жылдам әрі үнемді әдісін – коммерциялық қағаздарды ұсынады. Биржаның листинг қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді.

Коммерциялық қағаздар – бұл қысқа мерзімді айналым капиталына деген қажеттіліктерін (жалақы төлеу, жеткізушілермен есеп айырысу, тауарлық-материалдық қорларды толықтыру, эмитенттің негізгі қызметіне байланысты басқа операциялық шығыстар) қаржыландыру үшін кредиттік қабілеттілігі расталған компаниялар шығаратын кепілдендірілмеген қысқа мерзімді қарыз міндеттемелерінің кең таралған түрі.

Коммерциялық қағаздар кез-келген номиналмен кәсіби (аккредиттелген) инвесторларға ұсынылуы мүмкін. Ұсыныстар тек аккредиттелген инвесторларға арналғанын ескере отырып, олар кем дегенде 100 000 АҚШ доллары сомасындағы лоттармен сатылады. Коммерциялық қағаздарды сатып алушылар корпорациялар, қаржы институттары, ауқатты жеке тұлғалар мен қысқа мерзімді инвестициялар қорлар.

  • 2022 жылдың 5 желтоқсанынан бастап AIX-тегі жауапты қаржыландыру өнімдерінің қатары Биржаның әртүрлі ESG санаттарына жататын облигацияларды шығару және листингтеу бойынша қағидаларының жаңа тарауына сәйкес кеңейтілуде. Сол немесе басқа ESG-санат облигацияларға эмитент Биржа таныған ESG саласындағы халықаралық стандарттардың біріне сәйкестігін растаған кезде «ашық архитектура» қағидаты бойынша беріледі. Мұндай құрылым эмитенттерге орнықты дамумен байланысты жобаларын қаржыландыру үшін ең қолайлы ESG-стандартты таңдауда икемділік береді. Облигацияларға берілетін ESG-санат тиісті ESG-стандартты көрсетеді және әлеуметтік, орнықты, көк облигацияларды, транзиттік облигацияларды және орнықтылыққа байланысты басқа санаттардың облигацияларын қамтуы мүмкін.
  • 2022 жылдың 1 желтоқсанынан бастап AIX комиссиялары өзгерді. Акциялармен сауда-саттық және есеп айырысу операциялары үшін комиссия (биржалық қорларды (ETF) қоса алғанда) әрбір мәміле бойынша 0,01% (бұрын 0,05%) құрады.

Сонымен қатар, 2022 жылғы 08 желтоқсаннан 2023 жылғы 07 наурызға дейінгі кезеңде инвесторлар «ҚазМұнайГаз» ҰК акцияларының қайталама нарықтағы сауда-саттықтары мен есеп айырысулары үшін комиссиялардан босатылады. ҚМГ жай акцияларының сыртқы аударымдары үшін AIX CSD комиссиясы (ISIN KZ1C00001122) 2022 жылғы 7 желтоқсаннан бастап 2023 жылғы 6 наурызға дейін (қоса алғанда) 3 айға тоқтатылды.

  • «Ситибанк Қазақстан» АҚ AIX Орталық депозитарийінің (AIX CSD) мүшесі болды, бұл халықаралық институционалдық инвесторларға өз активтерін «Ситибанк Қазақстан» АҚ кастодиандық шотында AIX CSD-де сақтауға мүмкіндік береді.

Халықаралық ынтымақтастық

  • AIX CSD және Euroclear Bank кеңейтілген есеп айырысу бойынша жаңа қызметті іске қосты. Келісімге сәйкес, институционалдық инвесторлар Euroclear Bank-те айналысқа жіберілген және AIX-те саудаланатын шетелдік бағалы қағаздармен мәмілелер бойынша есеп айырысуды Euroclear Bank-тегі шоттары арқылы (егер олар Euroclear Bank және AIX мүшелері болса) немесе Euroclear Bank-тегі кастодианының шоты арқылы жүзеге асыра алады. Жаңа қызмет халықаралық инвесторларға шығындардың жоғарырақ тиімділігін ұсынады, өйткені бұл мәмілелерді енді тікелей Euroclear мультивалюталық ортасында жасауға болады.

Кеңейтілген есеп айырысу қызметтерін алу үшін мүдделі нарық қатысушылары Euroclear Bank-ке AIX CSD олардың Euroclear Bank-тегі шотына қатысты есеп айырысу бойынша нұсқаулар жіберуге құқылы екеніне сенімхатты ұсынуы керек.

  • Дүниежүзі бойынша сауда-саттықтан кейінгі және кастодиандық тәуекелдерді бағалайтын Thomas Murray компаниясы AIX CSD-дің жалпы тәуекел бағалауын 2020 жылы берген бастапқы «А» бағалауынан «A+» («Төмен тәуекел» дегенді білдіреді) жалпы бағалауына көтерді.

«A+» кешенді рейтингі сегіз жеке тәуекел құрамдастарының орташа өлшенген мәнін көрсетеді және «Тұрақты» болжамы бар тәуекелге ұшыраудың төмен профилін көрсетеді. Бұл баға AIX CSD-ны еуразиялық Орталық депозитарийлері үшін орташа деңгейден жоғары (BBB) ​​және Thomas Murray қамтитын Азия-Тынық мұхиты Орталық депозитарийлері үшін орташа (A+) болып табылатын деңгейге қояды.

  • AIX өз қызметінің ISO 27001 жəне ISO 27032 жаһандық стандарттарына сəйкестігін растады, сондай-ақ екі жаңа стандарт – ISO 27018 жəне ISO 27017 бойынша сертификаттаудан өтті. Бұл стандарттар толық бизнес циклін қамтамасыз етуді қамтиды: сауда, клиринг, есеп айырысу, тіркеу және депозитарлық қызметтер. AIX жүйелі түрде өтетін сертификаттаулар біздің ақпараттық және киберқауіпсіздік жүйелері үшін берік негізді қамтамасыз етуге және қызметтеріміздің сапасы мен қауіпсіздігін растауға ұмтылысымызды көрсетеді. Сертификаттарды AIX-ке Израиль Стандарттар институты жан-жақты аудит пен тексеруден өткізгеннен кейін берді, бұл мүдделі тараптарға олардың ақпаратының мүмкіндігінше мұқият қорғалғанына барынша сенімділік береді.
  • 2021 жылдың қазан айында өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылғаннан кейін AIX және Әбу-Даби Қор биржасы (ADX) ынтымақтастық салаларын айқындады және келісімнің мақсаттарына қол жеткізу үшін келесі қадамдарды белгіледі. Атап айтқанда, нарықтардың өтімділігін арттыру мақсатында екі биржаның сауда мүшелері арасындағы байланысты нығайту басымдық болып табылады. Биржалар нарыққа тікелей қолжетімділікті (DMA) қамтамасыз ету үшін екі жақты арналарды өзара енгізуді көздейді, бұл AIX брокерлеріне ADX-ке және керісінше қол жеткізуге мүмкіндік береді. Екі биржаның бағалы қағаздар орталық депозитарийлері арасында оңайлатылған байланыстарды құру биржалық қорлар (ETF) мен белгіленген табысы бар бағалы қағаздардың кросс-листингін жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен қатар, AIX және ADX үшін шариғат нормаларына сәйкес келетін биржалық өнімдер саласындағы ынтымақтастық ерекше қызығушылық тудырады. 
  • AIX және Сауд Арабиясының қор биржасы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, өзара пайдалы салаларда ынтымақтастық орнатуға уағдаласты. Келісім аясында екі тарап FinTech саласындағы деректер мен зерттеулерді алмасуға жәрдемдеседі, орнықты даму және экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару (ESG) салаларын дамытудағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерттейді, биржалық өнімдер, білім беру, IR және басқа мәселелер бойынша идеялармен алмасады.
  • AIX сондай-ақ Катар қор биржасымен (QSE) әртүрлі салалардағы өзара пайдалы ынтымақтастық жөніндегі Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Келісімге сәйкес, екі тарап тиісті құқықтық регламенттер, бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру бастамалары шеңберінде нарықтық операциялар туралы ақпарат пен мәліметтер алмасуға жәрдемдесетін болады. Әлемдегі «сукук» исламдық облигацияларын шығару бойынша көшбасшылардың бірі болып табылатын QSE көмегімен AIX ақпарат пен тиісті тәжірибе алмасу арқылы ислам қаржысын дамытуға және ілгерілетуге өзінің қатысуын кеңейтуге ұмтылады.

Анықтама үшін:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Goldman Sachs, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ: www.aix.kz  

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті – ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде орнығу. www.aifc.kz