AIX 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы нәтижелерді ұсынады

13 Шілде 2023

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметінің нәтижелерін ұсынады.

2023 жылдың бірінші жартысы жоғары инфляциямен, бүкіл әлем бойынша пайыздық мөлшерлемелердің өсуімен және нарықтың жоғары құбылмалылығымен сипатталды. Дегенмен, AIX нәтижелері сауда-саттық көлемінің жоспарлы ұлғаюын, жеке инвесторлар базасының күрт өсуін және әртүрлі жобалар мен орналастыруларды іске асырудағы динамиканы көрсетеді.

Әсел Мұқажанова, AIX басқарма төрағасының м.а.:

«Макроэкономикалық қиындықтар мен геосаяси жағдайдың шиеленісуі сияқты ғаламдық экономикадағы күрделі кезеңге қарамастан, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында біз жақсы нәтиже көрсеттік. Біз клиенттеріміздің қажеттіліктерін өтеуге және барлық стейкхолдерлермен тығыз жұмыс істеуге басты назар аудардық, және бұл бағыттағы еңбегіміз ақталды деуге болады. Нарықтағы өзгерістерге жылдам бейімделу, әрбір клиенттің талабына қарай қызмет көрсету және жылдам, әрі байсалды шешім қабылдаудың арқасында осындай нәтижеге қол жеткіздік», – деп атап өтті.

2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша AIX нәтижелері:

  • 2023 жылдың алғашқы 6 айында сауда-саттық көлемі 2022 жылдың сәйкес кезеңімен (2022 жылдың бірінші жартыжылдығында – $77 млн) салыстырғанда 82%-ға ұлғайып, $140 млн-ға жетті. 2022 жылы сауда-саттық көлемі $173 млн құраған.
  • AIX ресми тізіміне 92 эмитенттің 138 бағалы қағаз шығарылымы кірді.
  • Биржа құрылғаннан бері тартылған борыштық капиталдың жалпы көлемі $3.4 млрд құрады, тартылған үлестік капиталдың көлемі $356 млн құрады.
  • Қазақстан, Қытай және Еуропа елдерінің брокерлерін қоса алғанда 28 сауда мүшесі бар.
  • AIX Орталық депозитарийіндегі (AIX CSD) есеп-шоттардың саны 858 мыңға жетті.

Есепті кезеңде эмитенттердің борыштық құралдарды пайдалануға қызығушылығының айтарлықтай өсуі байқалды. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында $994 млн тартылды, бұл бүкіл 2022 жылы тартылған қарыз капиталының көлемінен ($722 млн) асып түсті. Борыштық бағалы қағаздарды экономиканың түрлі секторларындағы компаниялар орналастырды, олардың ішінде: Citix Ltd, AltynGold PLC, Halyk Bank, KAZ Minerals Bozshakol LLC және т б.

Жеке инвесторлар

Соңғы екі жылда AIX Орталық депозитарийінде шот ашатын жеке инвесторлар саны қарқынды өсті, өсудің шыңы 2022 жылы болды. 2021 жылдан бастап инвесторлардың шоттарының саны алты еседен астам өсіп, 900 мыңға жуықтады.

Егер 2021 жылы Қазақстанның экономикалық белсенді халқының шамамен 2%-ының AIX CSD-де инвестициялық шоттары болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 10%-ға жетті.

Жаңа құралдар мен қызметтер

Қазақстанның ірі құрылыс компанияларының бірі BI Development AIX-те Өтімділікті басқару бағдарламасын тіркеген алғашқы эмитент атанды. Бағдарлама компаниялардың бір тобы аясында қаржыландыруға деген қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған және мұндай компанияларға бірнеше күннің ішінде қарыз құралдарын шығаруға мүмкіндік береді. «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы да өзінің Өтімділікті басқару бағдарламасын (Liquidity Management Program) сәтті тіркеді.

Халықаралық ынтымақтастық

  • AIX Amazon Web Services (AWS) бұлттық жүйесінде Swift Alliance Cloud-қа қосылды. Alliance Cloud – бұл жаһандық Swift желісіне кедергісіз интеграцияны қамтамасыз ететін қауіпсіз бұлттық шешім. Alliance Cloud-қа қолжетімділік AIX-ке жоғары икемділік пен масштабтануды, хостинг үшін операциялық тәуекелдер мен шығындарын азайтуды, сондай-ақ қауіпсіз және орнықты ортада инфрақұрылымның негізгі компоненттеріне қызмет көрсету мен жаңартуды қоса алғанда, көптеген артықшылықтар береді. Ол реттеу талаптары мен қаржы индустриясының стандарттарына сәйкес келе отырып, қолданыстағы төлем операцияларын өткізу тәжірибесін жеңілдетуге және оңтайландыруға мүмкіндік береді.
  • AIX Абу-Даби қор биржасымен Tabadul Цифрлық биржалық сауда орталығына қолжетімділік алу үшін Меморандумға қол қойды. Бұл – толыққанды биржалық алаң, оның мақсаты Парсы шығанағы өңіріндегі және бүкіл әлемдегі биржалар арасында сауда желісін құру болып табылады. Tabadul AIX және ADX-те инвестицияларды жүзеге асыруға, сондай-ақ инвесторларға екі нарықта да лицензияланған брокерлер арқылы тікелей сауда-саттық жасауға мүмкіндік береді. Tabadul-дағы бағалы қағаздар жергілікті валютада, ал кейбір жағдайларда саудаланатын активтің көрсетілген валютасында саудаланады, бұл ретте ордерлер үшін ең төменгі сома белгіленбеген.
  • AIX және Bitfinex Securities Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды және өзара пайдалы шарттарда одан әрі ынтымақтастық туралы уағдаласты. Bitfinex Securities – АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті («AFSA») FinTech Lab шеңберінде лицензиялаған токенизацияланған бағалы қағаздардың листингі мен сауда-саттығына арналған платформа. Тараптар толық өзара ауыстырылатын қарапайым және токенизацияланған бағалы қағаздардың қосарлы листингі салаларындағы ынтымақтастық; бағалы қағаздар бойынша есеп айырысудың тиісті жүйелері арасындағы пост-трейдинг байланыстарын ұйымдастыру; қарапайым және токенизацияланған сауда алаңдары арасында тиімді байланыс арналарын құру бойынша бірлескен күш-жігер сияқты бірнеше бастамалар мен ортақ мақсаттарды белгіледі.

Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын да ұсынатын NASDAQ AIX акционерлері болып табылады. Биржа ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық база шеңберінде жұмыс атқарады, осы арқылы сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы  жеке және мемлекеттік кәсіпорындар үшін қаржыландыру тартудың айқын және қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде белсенді капитал нарығын дамыту болып табылады. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы шеңберіндегі инфрақұрылымдық жобаларды дамытады. Толығырақ ақпарат  сілтеме бойынша қолжетімді: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz