AIX бөлшек инвестицияларды ынталандыру үшін комиссияларды төмендетеді

24 Қараша 2022

Astana International Exchange (бұдан әрі «AIX», «Биржа») AIX Басқармасының шешімі негізінде 2022 жылғы 1 желтоқсаннан бастап AIX-тің комиссиялары өзгеретінін қуана хабарлаймыз. Акциялармен сауда және есеп айырысу операциялары үшін комиссия (биржалық сауда-саттық қорларын (ETF) қоса алғанда) әр сауда-саттықтан 0,01% (бұрын 0,05% болған) құрайды. 

Бұдан басқа, 2022 жылғы 8 желтоқсан мен 2023 жылғы 7 наурыз аралығындағы кезеңде инвесторлар қайталама нарықтағы «ҚазМұнайГаз» ҰК акцияларының саудасы мен есеп айырысулары үшін комиссиялардан босатылатын болады. 

AIX басқарма төрағасы Ренат Бектұров: 

«Біздің басты мақсаттарымыздың бірі – AIX-ті бөлшек инвесторлар үшін тартымды және ыңғайлы ұзақ мерзімді инвестициялау алаңына айналдыру. Біз инвесторларға сараланған шешімдер қабылдауға және саналы инвестициялық іс-әрекетті қалыптастыруға мүмкіндік беретін қауіпсіз және сенімді ортаны құрдық. Біз инвестициялық өнімдер Қазақстан азаматтарының қаржылық әл-ауқатын жақсартуға ықпал ету үшін қолжетімді, түсінуге оңай және тиімді болуы тиіс деп санаймыз». 

Анықтама:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Goldman Sachs, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті – ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде орнығу. www.aifc.kz