Ана тілі күні AIX биржасында сауда-саттық басталды

21 Ақпан 2023

Astana International Exchange (бұдан әрі – AIX, Биржа) ЮНЕСКО 1999 жылы белгілеген Халықаралық Ана тілі күніне орайластырылған сауда-саттықты салтанатты түрде іске қосты.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

«Бүгінгі күні ғылыми-технологиялық инновациялардың даму үдерісі жоғары болғандықтан, жаңа ұғымдар мен түсініктерді мемлекеттік тілде меңгеріп, күнделікті айналымға енгізе білу әсте маңызды. Биылғы жылы Ғылым және жоғары білім министрлігітілді дамытуға бағытталған 7 жылдық тұжырымдама қабылдайды. Кез келген тілдің өркендеуінің алғышарты – инновациялық, экономикалық және цифрлық кеңістікте берік қалыптасуы. Сондықтан АХҚО-мен қаржы және инвестициялық сауаттылықты арттыру мақсатында тығыз жұмыс істеуге дайынбыз.»

AIX Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Әсел Мұқажанова:

«AIX биржасы халықтың мемлекеттік тілдегі қаржылық сауаттылығын дамытуға ерекше назар аударады. Инвестициялар туралы ақпараттың көп бөлігі негізінен орыс тілінде таралып келді және өзгерістер соңғы жылдары ғана байқала бастады. Біз қазақ тіліндегі мағлұматқа деген қызығушылық пен сұраныстың артқанын көріп отырмыз, бұл қуантатын жағдай. Сондықтан қазақтілді ақпаратқа басымдық беруді көздеп отырмыз. Мысалы, біз екі жыл бұрын инвестициялауға арналған Tabys мобильді қосымшаны іске қосқан кезде, қазақ тілінде кеңес алу үшін инвесторлардың 1-2 пайызынан аспайтын бөлігі ғана жүгінген еді. Қазір қазақ тіліндегі өтініштер саны 10 пайызға дейін өсті. Бұл көрсеткіш уақыт өте келе артады және ана тіліміздегі қаржылық ақпарат кеңінен қолжетімді және сұранысқа ие болады деп үміттенеміз», – деп атап өтті.

Биржаның қызметі, инвестициялаудың қандай мүмкіндіктері бар, инвестициялауды неден бастау керек және қателіктерге қалай ұрынбау керектігі туралы мемлекеттік тілдегі ақпаратты www.aix.kz сайтынан, сондай-ақ @aix.kz. Instagram аккаунтынан табуға болады.

Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері – АХҚО, Goldman Sachs, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-тің сауда платформасын ұсынатын NASDAQ. Биржа өз қызметін ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта шеңберінде жүзеге асырады, осылайша инвестициялық қызметті жүргізудің сенімді шарттарын қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік кәсіпорындар үшін қаржыландыруды тартуға арналған нақты және қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету арқылы Қазақстан мен өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» бастамасы шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды дамытады. Қосымша ақпарат: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті – ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде орнығу .www.aifc.kz