AIX CSD орталық депозитарийі 700-ден астам бағалы қағазды қызмет көрсетуге қабылдап алуы арқылы депозитарлық қызметтер спектрін кеңейтті

29 июля 2024

AIX CSD орталық депозитарийі 700-ден астам бағалы қағазды депозитарлық қызмет көрсетуге қабылдап алғаны туралы қуана хабарлайды. Қабылдап алынған бағалы қағаздардың қатарында (тізім https://aix.kz/clearing-settlement/depository-announcement/ сілтемесі бойынша орналастырылған) Euroclear-де тіркелген, шетелдік ресми биржаларда саудаланатын халықаралық қарыздық құнды қағаздар, сондай-ақ KCSD-де тіркелген қағаздар бар.

AIX CSD мүшелерінің бірі 2024 жылдың қазан айына дейін созылатын тестілік кезеңде пилоттық кастодиандық клиент ретінде қабылданды. AIX CSD бірқатар қатысушылары халықаралық және жергілікті листингтен өтпеген акцияларға қызығушылық білдірді.

AIX CSD 6 айдан кейін жалпы көлемі $1 млрд дейін соманы құрайтын бағалы қағаздарды және жоба бойынша бірінші жыл ішінде 15 пайдаланушы компанияны кастодиандық басқаруға алу мақсатын көздейді.

AIX CSD бас директоры Айнұр Айтқазина:

«Листингтен өтпеген бағалы қағаздарға арналған жаңа депозитарлық қызмет ICSD-де немесе жаһандық кастодианда тікелей шоты болуы үшін активтерінің жеткілікті көлемі жоқ шағын және орташа қорларды басқарушылар мен брокер-дилерлер үшін өте қолайлы. Бұдан басқа, ол барлық листингтелген және листингтелмеген бағалы қағаздарды бір жерде сақтаудың операциялық жайлылығын қамтамасыз етеді», – деп атап өтті.

Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын ұсынған NASDAQ бар. Биржа өз қызметін ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта шеңберінде жүзеге асырады, осылайша инвестициялық қызметті жүргізудің сенімді шарттарын қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік кәсіпорындар үшін қаржыландыруды тартуға арналған нақты және қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстан мен өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Бір белдеу – Бір жол» бастамасы шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды дамытады. Қосымша ақпарат: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz