AIX 2024 жылдың үшінші тоқсанындағы нәтижелерді ұсынады

07 октября 2024

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») 2024 жылдың тоғыз айындағы AIX қызметінің нәтижелерін ұсынады.

Жыл басынан бері биржада сауда-саттық көлемі айтарлықтай өсті, соңғы жылдардағы рекордтық айналым $922 млн жетті. Тұтастай алғанда, AIX іске қосылған сәттен бастап сауда айналымы $2 млрд асты.

Әсел Мұқажанова, AIX басқарма төрайымы:

«AIX іске қосылған сәтінен бастап 2 миллиард доллардан асатын сауда айналымына қол жеткізді, оның ішінде шамамен 1 миллиард АҚШ доллары – ағымдағы жылғы сауда-саттыққа тиесілі. Біз сондай-ақ сауда мүшелеріміздің құрамындағы айтарлықтай өзгерістерді көріп отырмыз, өйткені шетелдік юрисдикциялардағы брокерлер қазір нарыққа құнды халықаралық тәжірибе мен үздік практикаларды әкелуде шешуші рөл атқаруда. Өсуін жалғастыра отырып, AIX қызмет көрсету сапасын жақсартуға және географиялық қамтуды кеңейтуге ұмтылуда, бұл біздің халықаралық деңгейде танылған биржа ретіндегі позициямызды одан әрі нығайтады», – деп атап өтті.


2024 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша AIX нәтижелері:

  • 2024 жылдың үшінші тоқсанындағы сауда-саттық көлемі 2023 жылдың үшінші тоқсанындағы $80 млн-мен салыстырғанда 2,7 есе өсіп, $217 млн-ға жетті.
  • Көрсетілген кезеңде AIX ресми тізіміне 41 жаңа қаржылық құрал қосылды, қазір ресми тізімге 131 эмитенттің 219 бағалы қағаздары кіреді. Қыркүйек айында жаңа листингтердің рекордтық саны орналастырылды — 18. Бұдан басқа, өтімділікті басқарудың екі бағдарламасы тіркелді.
  • Шетелдік инвесторлардың акциялармен сауда-саттыққа қатысуы шілдеде 11%, тамызда 21% және 2024 жылдың қыркүйегінде 17% құрады.
  • Биржа іске қосылған сәттен бастап тартылған капиталдың (борыштық және үлестік) жалпы көлемі $5,9 млрд құрады.
  • AIX пен AIX CSD-де 56 сауда мүшесі; оның 22-сі – әртүрлі Еуропа елдерінің, араб мемлекеттерінің, ТМД, Қытайдың шетелдік компаниялары + бір халықаралық брокер. 2024 жылдың үшінші тоқсанында AIX пен AIX CSD-ге: Investment company Standard (Қазақстан), Abylai Global Solutions (АХҚО), Roemer Capital (Кипр), KIT Finance және Piter Trust Investments Company (Ресей) сияқты компаниялар қосылды. Бұдан басқа, Еуразиялық банк (Қазақстан), ITS CSD мен RCS Trust and Corporate Services (АХҚО) AIX Бағалы қағаздар орталық депозитарийінің (AIX CSD) кастодиандары атанды. Он жаһандық кастодианның AIX CSD-де қосалқы шоттары бар.
  • 1,8 миллионнан астам қазақстандықтың AIX CSD-де инвестициялық шоттары бар.
  • AIX Qazaq индексі өткен жылмен салыстырғанда 12.4%-ға өсіп, 2024 жылғы 23 тамызда 1,401.28 тармаққа жетті.
  • Tabys мобильді қосымшасындағы сауда-саттық көлемі жыл басынан бері $9 млн-ға жетті. Tabys-тағы ең белсенді сауда-саттық болған 13 айдың тоғызы 2024 жылға тиесілі. Қосымшадағы белсенді инвесторлар саны 18,9 мың адамға жетті.

Блоктық мәмілелер

Блок-трейдинг Қара теңіз сауда және даму банкі облигацияларының және Solidcore Resources plc. акцияларының үлкен көлемін сату үшін пайдаланылып, үшінші тоқсанда $17 млн долларға жетті.

Блоктық мәміле – бұл әдетте үлкен сомаға бағалы қағаздардың едәуір санын қамтитын бағалы қағаздардың ірі пакетін сатып алу немесе сату. Мұндай мәмілелер көбінесе ашық нарықтан тыс келіссөздер режимінде, тікелей институционалдық инвесторлар, инвестициялық банктер немесе брокер-дилерлер арасында жасалады. Ірі келіссөз мәмілелері әдетте бағалы қағаздың нарықтық бағасына тікелей әсер етпеу үшін арнайы сауда сегментінде жүргізіледі.

Кастодиандық қызметтер

  • AIX CSD-дің үш жергілікті және шетелдік қатысушысы сауда-саттыққа жіберілген бағалы қағаздарды сақтау бойынша жаңа қызметтің пайдаланушылары атанды. Қызмет AIX ресми тізіміне енгізілген және/немесе басқа ұйымдастырылған нарықтарда саудаланатын барлық бағалы қағаздардың бір жерде ыңғайлы сақталуын қамтамасыз етеді. Оларға Euroclear-да есебі жүргізілетін, тұрақты кірісі бар бағалы қағаздар, сондай-ақ KCSD-де тіркелген, реттелетін нарықтардағы сауда-саттыққа жіберілген бағалы қағаздар жатады. Бағалы қағаздарды сақтаудың жаңа депозитарлық қызметі ICSD-де немесе жаһандық кастодианда тікелей шоты болуы үшін активтерінің жеткілікті көлемі жоқ шағын және орта қор менеджерлері мен брокер-дилерлер үшін өте қолайлы.
  • Он қор және екі жеке компания акциялар мен пай иелерінің тізілімін жүргізу үшін AIX Тіркеушісінде жаңа шоттар ашты.

Жаңа өнімдер

  • 2024 жылдың 4 қыркүйегінде AIX-тегі жауапты қаржыландыру өнімдерінің қатарына I-REC (International Renewable Energy Certificate) жаңартылатын энергия сертификаттары қосылды. AIX-те экологиялық құралдардың (Environmental Instruments) іске қосылуы орнықты дамуды дәстүрлі қаржы нарықтарына интеграциялау жолындағы маңызды кезең. Классикалық қор нарығы құралдарымен қатар I-REC сертификаттары сияқты өнімдерді қосу арқылы AIX компанияларға қаржылық тиімділікті сақтай отырып, экологиялық мақсаттарына жетуге көмектеседі.
  • Эмитенттің келісімінсіз бағалы қағаздарды AIX-тегі сауда-саттыққа жіберуге мүмкіндік беретін жаңа «Unsponsored listing» сегменті құрылды. Сегменттің мақсаты – AIX-тегі сауда-саттыққа бағалы қағаздардың көбірек санын жіберу арқылы нарықтың өтімділігін арттыру, бұл бағалы қағаздарды көбірек орналастыруға және инвесторлардың кеңірек ауқымын тартуға мүмкіндік береді.
  • Қорларға арналған листинг қағидалары кеңейтілді, енді пайлары AIX Негізгі нарығында сауда-саттыққа жіберілуі мүмкін босатылған қорларды (exempt funds) қамтиды. Пайларды аккредиттелген инвесторлар сатып ала және сата алады.
  • AIX-те листингтелетін акциялар үшін free-float шегі 25%-дан 10%-ға дейін төмендетілді. Акциялар эмитенттері үшін шекті төмендету AIX-тегі листинг рәсімін жеңілдетеді, осылайша нарықтың қолжетімділігі мен өтімділігін арттырады.

Халықаралық ынтымақтастық

Astana International Exchange пен Muscat Stock Exchange (MSX) өзара тиімді мүмкіндіктерді зерттеуге бағытталған ынтымақтастықты бастау туралы келісімге қол қойды. Бұл серіктестік MSX және AIX-те тіркелген бағалы қағаздардың тоғыспалы саудасын жеңілдетіп, нарықтың өтімділігін арттыруға және сауда тетіктерін оңтайландыруға арналған.

Қос биржа да кросс-биржа саудасын қамтамасыз ету үшін Абу-Даби қор биржасы (ADX) құрған Tabadul цифрлық биржалық хабтың белсенді мүшелері болып табылады. Tabadul платформасы өңірлік және жаһандық нарықтарды цифрлық биржа желісі арқылы байланыстырады, бұл ынтымақтастықты кеңейтуге және қатысушы нарықтардағы өтімділікті арттыруға ықпал етеді. Қазіргі уақытта оның белсенді қатысушылары – Абу-Даби қор биржасы (ADX), Маскат қор биржасы (MSX), Бахрейн қор биржасы (BHB) және Астана халықаралық биржасы (AIX).

Әріптестікті одан әрі нығайту үшін Маскат клиринг және депозитарлық компаниясы (MCD) мен AIX Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі (AIX CSD) MSX және AIX арасындағы Tabadul платформасында кросс-листингті және мәмілелер бойынша есеп айырысуды жеңілдету үшін Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім сондай-ақ есеп айырысу және депозитарлық қызметтерді жақсартуға бағытталған.


Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Goldman Sachs, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ: www.aix.kz 

 «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті – ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде орнығу. www.aifc.kz