Astana International Exchange («AIX», «Биржа») 2024 жылдың алғашқы үш айындағы нәтижелерін жариялайды.
AIX операциялық көрсеткіштер бойынша барлық болжамдардан асатын нәтиже көрсетіп, өзінің бизнес ретінде тұрақты және өміршең екенін дәлелдеуде. Соңғы айларда AIX-те сауда көлемі бұрын-соңды болмаған өсім көрсетті, бұл блоктық сауда мен корпоративтік облигациялар нарығындағы қомақты нәтижелерге байланысты.
Әсел Мұқажанова, AIX басқарма төрайымы былай деп атап өтті:
«Біз өзіміздің стратегиялық мақсаттарымызға берікпіз және сауда көлемін ұлғайтуға тырысып келеміз. 2024 жылдың алғашқы үш айында сауда көлемі күрт өсті. Жылдың осылайша басталуы бізді одан сайын жігерлендіріп, клиенттеріміздің талаптарына сай бизнес-шешімдер ұсынуға итермелейді».
2024 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша AIX нәтижелері:
- 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы AIX-тегі жалпы сауда көлемі $463 млн құрады, бұл 2023 жылдағы $67 миллионмен салыстырғанда жеті есе артық. Мұндай күрт өсім Polymetal International plc компаниясының халықаралық институционалдық инвесторларының арасындағы келісілген мәмілелердің көлемінен болды.
- AIX ресми тізіміне 101 эмитенттің 165 құнды қағазы кіреді.
- Жаңа листингтер саны үздіксіз көбеюде, және 2024 жылдың 1 тоқсанында 21 листинг өтті (2023 жылдың 1 тоқсанында 5 листинг болған).
- Биржа ашылғаннан бері тартылған капитал көлемі $4,8 миллиардқа жетті.
- Қазір биржаның 37 сауда мүшесі бар, олар Қазақстан, Қытай және Европа елдерінен. Акциялар сегментіде үш жаңа маркет-мейкер жұмыс істей бастады.
AIX экожүйесі кеңейіп келеді, және қазіргі уақытта AIX CSD-ге тікелей немесе жанама түрде қосылған 13 кастодиан (олардың үшеуі халықаралық ұйымдар) мен 10 ғаламдық кастодианды қамтиды.
AirAstana IPO-сы
Жылдың бірінші тоқсанының басты оқиғасы — Қазақстан Республикасының ұлттық әуе тасымалдаушысы, және ең ірі авиакомпаниясы Air Astana-ның IPO-сы болды. Бұл IPO-ның табысты болуына үлес қосқан — жеке инвесторлар. Бұған дәлел – AIX-ке 100 млрд тенгеге келіп түскен 29 мыңнан астам өтінім, олардың жартысы жеке инвесторлардан.
Жаһандық депозитарлық қолхаттар мен акцияларға келіп түскен өтінімдер көлемі сәйкесінше $112,0 млн (50,6 млрд теңге) және 49,6 млрд теңгені құрады. Орналастыру нәтижесінде AIX инвесторлары $71,6 миллионға (32,4 млрд теңге) жаһандық депозитарлық қолхаттар, және 15,6 млрд теңгеге қарапайым акциялар сатып алды. Мақұлданған өтінімдердің ішінде жеке инвесторлардың үлесі 56%, институционалдық инвесторлардың үлесі 44%.
Air Astana компаниясы IPO нәтижесінде қазақстандық биржаларда құны 215 миллион АҚШ доллары болатын ЖДҚ мен акцияларды орналастырды, оның 106.1 миллион доллары, немесе 49,3% AIX биржасында.
Tabys мобильді қосымшасы арқылы жеке инвесторлардан 3400-ден астам өтінім келіп түсті, олар жалпы самасы 500 миллионнан астам теңгеге қанағаттандырылды.
Air Astana IPO-сында AIX биржасы қазақстандық инвесторларға шартты сауда мүмкіндігін берді, бұл шекаралық нарықтарда болған алғаш шартты сауда.
Бұл қазақстандық қор нарығы үшін жаңалық – алғаш рет жергілікті инвесторлар отандық биржада IPO кезінде өздері тапсырыс берген акциялар есеп-шоттарына түспей тұрып оларды саудаға салу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай мүмкіндік ЖДҚ және доллармен есептелінетін акциялар бойынша берілді.
Негізгі сауда басталғанға дейін үш жарым күннің ішінде шартты сауда көлемі (ЖДҚ пен акциялар) $7,8 млн, 1 998 мәмілені құрады.
IPO өткеннен бергі екі айдың ішінде Air Astana акцияларының сауда көлемі $22,1 млн құрады.
Блоктық мәмілелер
Блоктық мәмілелер — құнды қағаздардың ірі пакетін сату немесе сатып алу бойынша мәмілелер, әдетте бұндай мәмілелерде аса көп құнды қағаз саудаланады. Мұндай мәмілелер алдын-ала келісім бойынша, институционалдық инвесторлар, инвестициялық банктер мен брокер-дилерлердің арасында ашық сауда нарығынан тыс жасалынады. Келісілген мәмілелер құнды қағаздың нарықтағы бағасына ықпал етпеу үшін осылай жабық түрде жасалады.
AIX сауда мүшелері жасалған блоктық мәмілелер жайлы Биржаға хабарлауға міндетті емес. Келісілген мәмілелер Өтінімдер кітапшасында көрінеді, және осылайша автоматты түрде Биржаға хабарланған болып саналады. AIX әрбір жасалған мәміленің күні мен уақытын, құнды қағаздың сауда символын, құнды қағаздың бағасы мен санын, мәміленің көлемін күн сайын нарыққа вебсайттағы арнайы парақша арқылы жариялап отырады: https://aix.kz/trading/block-trade-reporting/.
Жаңа өнімдер
Ұсақ және ірі кәсіпорындарға капитал нарығының мүмкіндіктерін пайдаланып, теңгемен қаражат тартуға жағдай жасау үшін 2023 жылдың қазан айында Биржа жаңа қарыздық құрал шығарды. «Central Media Distribution» ЖШС осы мүмкіндікті пайдаланып 1 млрд теңгенің облигацияларын шығарды. Бір облигацияның номиналды құны 1 000 теңге. Капитал компанияның негізгі активі — Радио Люкс FMді дамытуға жұмсалады.
Халықаралық ынтымақтастық
2024 жылдың 8 қаңтарында Европа Одағының қаржы нарықтарындағы реттеуші және бақылаушы органы болып табылатын Европа құнды қағаздар мен нарықтар басқармасы (ESMA), AIX биржасын MiFID II / MiFIR ашықтықты қамтамасыз ету стандарттарына сай үшінші мемлекеттің сауда алаңы деп таныды. AIX биржасы ESMA- ның ашықтық стандарттары бойынша оң бағаланған алаңдардың тізіміне енді.
ESMA-ның оң бағасын алу AIX алаңында сауда жасайтын европалық инвестициялық компаниялар MiFIR стандарттары бойынша биржадағы мәмілелер туралы міндетті есеп беруден босатылады деген сөз.
Анықтамалық ақпарат:
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын да ұсынатын NASDAQ AIX акционерлері болып табылады. Биржа ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық база шеңберінде жұмыс атқарады, осы арқылы сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы жеке және мемлекеттік кәсіпорындар үшін қаржыландыру тартудың айқын және қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде белсенді капитал нарығын дамыту болып табылады. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы шеңберіндегі инфрақұрылымдық жобаларды дамытады. Толығырақ ақпарат сілтеме бойынша қолжетімді: www.aix.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz