AIX 2023 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша өз қызметінің нәтижелерін ұсынды

16 Қазан 2023

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») 2023 жылдың алғашқы тоғыз айындағы қызметінің нәтижелерін ұсынады.

2018 жылы құрылғаннан бері AIX Қазақстандағы және шетелдегі бизнес қауымдастықпен қарым-қатынасты орнатуға және дамытуға аса мән беріп келеді. Осының арқасында жаңа эмитенттер саны артып, нәтижесінде биржадағы сауда айналымы мен табыс көлемі біртіндеп артып келеді.

Клиенттердің сұранысына қарай жаңа өнімдер мен шешімдерді ұсыну, халықаралық талаптарға сай қызмет ету, техникалық инфрақұрылымды үздіксіз жетілдіру, халықаралық нарық мүшелерін тарту сияқты қадамдар өз жемісін бере бастады, және нарықтың ары қарай дамуына серпін берді.

AIX басқарма төрағасы Әсел Мұқажанова:

«AIX ашылғалы өткен бес жыл қатарынан біздің биржа әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымды қалыптастыруға, жан-жақты әрі кең экожүйе құруға бар күшін салды. Сол еңбек ақталуда және биылғы жылдың 9 айындағы операциялық нәтижелер оған дәлел. Біз аумалы-төкпелі сыртқы жағдайға байланысты стратегиямызға біраз өзгеріс енгізгеніміз болмаса, жалпы бастапқы бағытымызды әлі де ұстанып келеміз.

2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша AIX нәтижелері:

  • 2023 жылдың 9 айындағы сауда-саттық көлемі бүкіл 2022 жылдағы $172 миллионмен салыстырғанда рекордтық $220 миллионды құрады (2022 жылдың 9 айындағы $120 миллионмен салыстырғанда өсім 83%).
  • AIX ресми тізіміне 94 эмитенттің 151 бағалы қағаздар шығарылымы кірді.
  • Биржа ашылған күннен бастап тартылған капиталдың жалпы көлемі шамамен $4 млрд құрады.
  • 32 сауда мүшесі, соның ішінде Қазақстан, Қытай және Еуропа елдерінен келген брокерлер бар.
  • 8 кастодиан, соның ішінде 3 халықаралық кастодиан, және 6 әлемдік кастодиан AIX CSD-де кастодиандар арқылы есеп-шот ашқан.
  • AIX Орталық депозитарийінде (AIX CSD) 1 миллионнан астам шот ашылды, және алдағы айларда бұл көрсеткіш айтарлықтай өседі.

Polymetal International plc. бастапқы листингінің AIX биржасына ауыстырылуы және АХҚО-ға редомициляциясы

Polymetal International plc. («Polymetal») алтын өндіруші компания өз акцияларының бастапқы листингін Лондон қор биржасынан AIX-ке ауыстырған және АХҚО-ның арнайы құқықтық юрисдикциясында тіркелген алғашқы эмитент болды. Қазіргі уақытта нарықтық құны $2 млрд болатын Polymetal  – АХҚО-да тіркелген ең ірі компания және AIX-те саудаланатын ең ірі тау-кен компаниясы.

Редомициляция процесі кезінде Polymetal-дың Ұлыбритания, АҚШ, Еуропа және басқа да юрисдикциялардағы 4000-нан астам акционері POLY акцияларын AIX CSD мен AIX Регистраторына  аударды.

2023 жылдың қыркүйек айында POLY акциялары бойынша мәмілелердің орташа тәуліктік көлемі $150 мыңнан асты. Polymetal акциялары бойынша мәмілелердің бір күндік көлемінің ең жоғарғы көрсеткіші $805 мыңға жетті, ал редомициляцияға дейін күнделікті көлем орташа есеппен $64 мыңды құраған болатын.

Tabys мобильді қосымшасын жаңарту

Әлемдегі алтын мен күміс өндірушілердің үздік ондығына кіретін Polymetal сияқты ірі компанияның редомициляциясы AIX биржасының мобильдік қосымшасы – Tabys-ты одан ары жетілдіруге себеп болды. Осылайша, Tabys мобильді қосымшасына шетелдік инвесторларды тіркеу функциясы қосылды, және бұл функция оң бағасын алды. KYC процесін ( «know your client», «өз клиентіңді біл») мүмкіндігінше неғұрлым жылдам әрі тиянақты жасау үшін биржа API интеграцисы (Application Programming Interface) арқылы WorldCheck жаһандық ақпарат базасына интеграцияланды.

Tabys қосымшасында барлық дивидендтік төлемдер түсіп отыратын әмиян пайда болды. Инвестор ақшаны әмиянда тегін сақтай алады немесе қаражатты тікелей банк картасына аудара ала алады.

2022 жылдың қарашасындағы IPO барысында «ҚазМұнайГаз» АҚ компаниясы Tabys қосымшасындағы тікелей жазылу функциясын бірінші болып пайдаланды, және осының арқасында жеке инвесторлар компанияның акцияларын мажоритарлық акционерден тікелей сатып алды. Қазақстандық электр желілік операциялық компания «KEGOC» АҚ-мен келісім бойынша, Tabys қосымшасы инвесторлардың SPO-ға қатысу тетіктерінің бірі ретінде пайдаланылады.

AIX басқарма төрағасы Әсел Мұқажанова:

«KEGOC — ішкі нарыққа арналған, дивидендтік тұрғыдан қызықты ұсыныс. Бұл компанияның құнды қағаздарына деген сұраныс қазақстандық инвесторлар тарапынан жоғары болуы мүмкін, себебі инфрақұрылымдық компания  – сыртқы экономикалық факторларға  аса сезімтал емес салаларға жатады. Қазақстан азаматтары үшін бұл ұлттық электр желілері операторының акционері болуға таптырмас мүмкіндік.

KEGOC компаниясының акцияларын сатып алу үшін жеке инвесторлар Tabys мобильдік қосымшасын пайдалана алады. Бұл қосымша – Қазақстанда IPO/SPO-ға қатысудың ең жылдам, қарапайым және қолайлы жолы. Акцияларды сатып алу үшін бар керегі – интернет желісіне қосылған смартфон, жеке куәлік және банк картасы.

Өтімділікті басқару бағдарламасы

Бұл компаниялардың бір тобының қаржыландыруға деген қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған жаңа өнім. Бағдарлама оларға бірнеше күннің ішінде қарыз құралдарын шығаруға мүмкіндік береді. Өтімділікті басқару бағдарламасы жергілікті кәсіпорындардың қажеттіліктерін ескере отырып жасалған. Бұл өнімге қызығушылық артып келеді: өтімділікті басқару бағдарламасы аясында шығарылған 12 орналастырудың көлемі $337 млн-нан асты.

Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын да ұсынатын NASDAQ AIX акционерлері болып табылады. Биржа ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық база шеңберінде жұмыс атқарады, осы арқылы сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы  жеке және мемлекеттік кәсіпорындар үшін қаржыландыру тартудың айқын және қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде белсенді капитал нарығын дамыту болып табылады. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы шеңберіндегі инфрақұрылымдық жобаларды дамытады. Толығырақ ақпарат  сілтеме бойынша қолжетімді: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz