AIX Тіркеушісі АХҚО аясында Ұлттық нөмірлеу агенттігі мәртебесіне ие болды

17 декабря 2025

Astana International Exchange («AIX» немесе «Биржа») Astana International Exchange Registrar Ltd. («AIX Registrar» немесе «AIX Тіркеушісі») компаниясының «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) аясында Ұлттық нөмірлеу агенттігі (National Numbering Agency, NNA) ретінде тағайындалғанын хабарлайды.

Бұл тағайындау бағалы қағаздар кодтары бойынша жаһандық тіркеу органы болып табылатын Ұлттық нөмірлеу агенттіктері қауымдастығының (Association of National Numbering Agencies, ANNA) мақұлдауынан кейін жүзеге асты.

Осылайша, AIX Тіркеушісі АХҚО-да тіркелген бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдары үшін халықаралық деңгейде танылған сәйкестендіру кодтарын беру және оларды басқару үшін жауапты болады. Атап айтқанда, AIX Тіркеушісі енді ISO 6166 стандартына сәйкес халықаралық бағалы қағаздарды сәйкестендіру нөмірлерін (ISIN), ISO 10962 стандарты бойынша қаржы құралдарының жіктеу кодтарын (CFI), сондай-ақ ISO 18774 стандартына сәйкес қаржы құралдарының қысқартылған атауларын (FISN) беруге құзырлы.

AIX басқарма төрайымы Әсел Мұқажанова былай деп пікір білдірді:

«AIX Registrar-дың тағайындалуы АХҚО нарығының дамуындағы маңызды кезең болып табылады және оның халықаралық стандарттар мен озық әлемдік тәжірибелерге сәйкестігін одан әрі нығайтады. Бұл тағайындау АХҚО аясында, соның ішінде AIX алаңында шығарылатын қаржы құралдарына халықаралық сәйкестендіру нөмірлерін беруді жеңілдетіп, жеделдетеді деп күтілуде. ISIN, CFI және FISN кодтарын жергілікті деңгейде беру мүмкіндігі сыртқы нөмірлеу агенттіктеріне тәуелділікті азайтып, эмитенттер үшін нарыққа шығу мерзімін қысқартады».

Бұл шешім АХҚО-ның нарықтық инфрақұрылымын одан әрі нығайтуға ықпал етіп, эмитенттер, инвесторлар және қаржы ұйымдары үшін ыңғайлы әрі халықаралық деңгейде интеграцияланған ортаны қалыптастыру жөніндегі стратегиялық мақсатына сәйкес келеді.


Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ: www.aix.kz 

 «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО)бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz