AIX пен Амман Қор Биржасы ынтымақтастықты кеңейту үшін Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

28 августа 2025

Astana International Exchange («AIX» немесе «Биржа») AIX пен Амман Қор Биржасы (ASE) арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға (MoU) қол қойылғанын қуана хабарлайды. Құжат қарым-қатынасты нығайтуға және ынтымақтастық пен ақпарат алмасу тетігін құруға бағытталған.

Тараптар капитал нарықтары туралы ақпаратпен алмасуға, соның ішінде нарықтық инфрақұрылым, листинг пен сауда рәсімдері, сондай-ақ құқықтық-нормативтік база жөнінде тәжірибе бөлісуге және өзара тиімді ынтымақтастық салаларын анықтауға келісті.

AIX басқарма төрайымы Асель Мұкажанова былай деп атап өтті:


«MENA өңірінің капитал нарықтарымен ынтымақтастық АХҚО мен AIX-тің даму стратегиясына толық сәйкес келеді. Біз қазірдің өзінде Абу-Даби қор биржасымен Tabadul цифрлық платформасы арқылы биржааралық сауданы жүргізіп жатырмыз және Nasdaq Dubai Орталық депозитарийімен тікелей байланыс орнаттық. Жақын арада Маскат Қор Биржасымен сауданы іске қосу жоспарлануда. Бұл бастамалар мен жобалар біздің MENA өңіріндегі серіктестерімізбен бірге инвесторлар мен эмитенттер үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді ашады».

Амман Қор Биржасының бас директоры Мазен Ватафи өз сөзінде былай деді:


«Аталған Меморандум Амман Қор Биржасы мен AIX арасындағы байланыстарды нығайтудың маңызды кезеңі болып табылады. Тәжірибе алмасу, инновацияларды ынталандыру және трансшекаралық инвестициялар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау арқылы біз өз нарықтарымыздың терең интеграциясына жол ашамыз. Бұл ынтымақтастық біздің биржалардың тиімділігін және бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, сондай-ақ өңірлік капитал нарықтарының жалпы дамуына және тұрақтылығына ықпал ететін болады».

Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ ақпарат: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz