Astana International Exchange («AIX», «Биржа») 2024 жылғы 4 қыркүйектен бастап AIX-тегі жауапты қаржыландыру өнімдерінің қатарына I-REC (International Renewable Energy Certificate) жаңартылатын энергия сертификаттары енгізілгенін қуана хабарлайды. Биржаның сауда-саттық қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді.
I-REC әлемдегі барлық ерікті жаңартылатын энергия сертификаттары нарығының 99%-ын қамтиды және 50-ден астам елде қолданыста. I-REC сертификаты энергияның жаңартылатын көздерден алынғанын растайды және 1 МВт*сағ таза электр энергиясына сәйкес келеді.
AIX Реттеу және комплаенс жөніндегі директоры Евгения Богданова:
«AIX-те экологиялық құралдардың (Environmental Instruments) іске қосылуы орнықты дамуды дәстүрлі қаржы нарықтарына интеграциялау жолындағы маңызды кезеңді ілдіреді. Қор нарығындағы біздің классикалық құралдарымызбен бірге I-REC сертификаттары сияқты өнімдерді қосу арқылы біз компанияларға қаржылық тиімділікті сақтай отырып, олардың экологиялық мақсаттарына жетуге көмектесеміз. Бұл бастама біздің үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес орнықты дамуды ілгерілетуге деген ниетіміздің айғағы. Біз
барлық мүдделі қатысушыларды жаңа сауда сегментіне (Environmental Instrument Market) қосылуға шақырамыз және жыл соңына дейін Қатысушыларымызбен бірге мақұлданған экологиялық құралдар санаттарында биржалық сауда-саттықты іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді.
АХҚО әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Данияр Келбетов:
«АХҚО-да көміртегі кредиттері, офсеттер, I-REC сертификаттары сияқты экологиялық құралдарға арналған нарықтық тетіктердің іске қосылуы табиғи ресурстарды сақтауға және өмір сапасын жақсартуға көмектесетін жаңартылатын энергия көздері мен инновациялық технологияларға инвестициялар салуды ынталандыру арқылы «жасыл» экономиканың дамуына ықпал етеді. Бүгін Astana Finance Days конференциясы аясында біз Қазақстанда I-REC шығаратын ұйым Ecojer қауымдастығымен меморандумға қол қойдық. I-REC сертификаттары компанияларға өздерінің көміртегі ізін азайтуға, экологиялық есептілікті жақсартуға және экологиялық жауапкершілікке деген бейілдіктерін көрсетуге көмектеседі», – деп атап өтті.
АХҚО әкімшілігінің Көміртегі платформасы департаменті жаңа өнімдер саудасы бойынша консультациялық қолдау көрсетеді.
Анықтамалық ақпарат:
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Goldman Sachs, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ: www.aix.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz