AIX бөлшек инвесторлар үшін «AIX Connect» мобильді қосымшасын іске қосты

04 Шілде 2019

Astana International Exchange (AIX) бөлшек инвесторлар үшін «AIX Connect» мобильді қосымшасының іске қосылғаны туралы хабарлайды. Бұл қосымша пайдаланушыларға Биржаның және AIX тіркелген компаниялардың жаңалықтарына, сондай-ақ нақты уақыт режіміндегі сауда-саттық туралы ақпаратқа ыңғайлы әрі жедел қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мобильді қосымша Google Play және Apple Store-да тиісінше Android және iOS базасындағы смартфон пайдаланушыларына қолжетімді. Қосымшаны әзірлеудің келесі кезеңінде бағалы қағаздардың жеке портфеліне қолжетімділік, аналитика, бағалар туралы хабарландыру және ескерту, сондай-ақ брокерде қашықтан есепшот ашып тіркелу және онлайн сауда процесі сияқты функцияларды қосу жоспарлануда.

 «Бөлшек инвесторлардың белсенді қатысуы өтімді қор нарығын табысты дамытудың басты факторлардың бірі, – деп атап өтті AIX Басқарма төрағасы Тим Беннетт. – Біз AIX Connect қосымшасы Қазақстанның бөлшек сауда инвесторлары үшін биржаға қолжетімділікті жеңілдетеді, ал функционалдың кеңеюіне қарай ақпарат алу үшін ғана емес, сонымен қатар қашықтан мәмілелер жасасу үшін де ыңғайлы құрал болады деп есептейміз».

Анықтамалық ақпарат:

AIX. АХҚО Биржасы 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. 2018 жылдың 14 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев AIX алаңында бағалы қағаздардың алғашқы сауда-саттығын салтанатты түрде іске қосты. AIX акционерлері АХҚО, GoldmanSachs, Шанхай қор биржасы, Жібек жолы қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ болып табылады. www.aix.kz

АХҚО. 2015 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық Заңға қол қойды. АХҚО халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыруды мақсат тұтады. АХҚО міндеттері қаржы қызметтері саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру жолымен ел экономикасына инвестициялар тартуға ықпалдасу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету болып табылады. www.aifc.kz


БАҚ үшін байланыс:
Елена Пак
АІХ коммуникациялары жөніндегі басшысы
Tel: +7 (7172) 23 53 94
Email: [email protected]