Astana International Exchange («AIX», «Биржа») Дүниежүзілік биржалар федерациясының (World Federation of Exchanges, «WFE») «жасыл» акциялар бағдарламасына қосылғанын хабарлайды. Осылайша, биржа WFE-нің «жасыл» акциялар бойынша принциптері мен классификациясына сәйкестігін растайды. AIX биржасының «жасыл» акциялар бойынша Принциптері мен рекомендациялары WFE принциптеріне сай жасалған. Бұл принциптердің мақсаты — «жасыл» эмитенттердің маңыздылығын арттырып, инвесторларға экологияға жағымды әсер ететін тауарлар мен қызметтер ұсынатын эмитенттер туралы қосымша ақпарат алуға көмектесу.
Аталған Принциптер мен рекомендациялар эмитенттерге ешқандай жаңа міндеттеме жүктемейді, және ешқандай қосымша листинг талаптарын қоймайды. Солай бола тұра, егер құжатта көрсетілген минималды талаптар орындалса, акциялар WFE стандарттары бойынша «жасыл» акциялар қатарына енгізіледі.
AIX Реттеу бойынша директорының міндетін атқарушы Арай Сеитова былай деді:
«Экология мәселелерінің өзектілігі артып келе жатқанда AIX биржасының «жасыл» акциялар принциптері мен рекомендацияларына сәйкестік эмитенттерге өзінің «жасыл» бизнес екенін дәлелдеп, репутациясын жақсартуға мүмкіндік береді. Дүниежүзілік биржалар федерациясының стандарттарына сай бола отырып, AIX өз инвесторларына жауапты инвестициялық шешім қабылдауға жағдай тудырады».
Анықтамалық ақпарат:
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын да ұсынатын NASDAQ AIX акционерлері болып табылады. Биржа ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық база шеңберінде жұмыс атқарады, осы арқылы сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы жеке және мемлекеттік кәсіпорындар үшін қаржыландыру тартудың айқын және қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде белсенді капитал нарығын дамыту болып табылады. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы шеңберіндегі инфрақұрылымдық жобаларды дамытады. Толығырақ ақпарат сілтеме бойынша қолжетімді: www.aix.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz