AIX биржасы Tabys мобильдік қосымшасында ҚР Ұлттық Банкінің инвестициялық алтын монеталарының саудасы басталғанын хабарлайды

18 марта 2025

Tabys қосымшасында Ұлттық Банктің «Gold Coin» деп аталатын жаңа инвестициялық жобасының саудасы басталды. Бұл инвесторлар үшін алтынға қаражат салудың ыңғайлы әрі заманауи тәсілі.


Gold Coin-ның бір бірлігі алтынның 1/20 троя унциясына тең. Оның құны Лондонның бағалы металдар нарығына қатысушылар қауымдастығы (LBMA) белгілеген алтын бағасына және сатып алу/сату күні алдындағы теңгенің АҚШ долларына шаққандағы ресми бағамына байланысты болады. Жиырма эквивалент (бірлік) жинақталғанда, Gold Coin-ды Ұлттық Банктің аумақтық филиалдарында заттай алтын – ÚKI инвестициялық монетасына айырбастауға болады.


ÚKI инвестициялық монетасының номиналы 100 теңге, Au 999,9 алтынынан жасалған, салмағы 31,1 грамм/1 троя унциясы.


«Біз өнім түрлерін кеңейте отырып, инвестициялау мен капитал жинаудың инновациялық шешімдерін ұсынамыз. Осындай шешімдердің бірі — инвестициялық монеталарды бөлшектеп сатып алу. Енді Tabys қосымшасының инвесторлары онлайн режимде Gold Coin-дарды сатып алып, сатып, тіпті сыйға тарта алады»,- деп атап өтті AIX қаржы директоры Жарас Мұсабеков.


Анықтамалық ақпарат:
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Goldman Sachs, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ: www.aix.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz