2025 жылдың бірінші тоқсанындағы AIX қызметінің нәтижелері

08 апреля 2025

Astana International Exchange («AIX» немесе «Биржа») корпоративтік еуробондтардың сәтті орналастырылумен, инновациялық өнімдердің шығарылуымен және жаңа бизнес серіктестердің пайда болуымен ерекшеленген 2025 жылдың 1 тоқсанындағы нәтижелерін ұсынады.


AIX басқарма төрайымы Әсел Мұқажанова:


«Біз 2025 жылды өз қызметімізге де, жалпы нарықты дамытуға да байланысты өршіл мақсаттармен бастадық. Бірінші тоқсанда біз он екі жылдық үзілістен кейін корпоративтік еуробондтар нарығының жанданғанына куә болдық, жаңа экологиялық құралды енгізуге үлес қостық және Қазақстан Ұлттық Банкімен бірлескен жобаны іске асырдық – бұның бәрі тек бастамасы ғана», – деп атап өтті.


2025 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша AIX нәтижелері:

  • Бағалы қағаздар листингі: барлығы 156 эмитенттен 277 бағалы қағаз листингке енгізілген. 2025 жылдың бірінші тоқсанында 34 компанияның 42 бағалы қағазы орналастырылды.
  • Тартылған капитал (борыштық және акционерлік): биржа іске қосылған сәттен бастап $7,2 млрд, оның ішінде $0,2 млрд 2025 жылдың бірінші тоқсанында тартылды.
  • Сауда көлемі: $188 млн.
  • Нарық қатысушылары: Қазақстан, Қытай, Еуропа және Таяу Шығыстың брокерлерін қоса алғанда 55 сауда мүшесі, олардың 2-уі 2025 жылдың бірінші тоқсанында қосылды. Он жаһандық кастодианның AIX Бағалы қағаздар орталық депозитарийінде (AIX CSD) қосалқы шоттары бар.
  • Инвесторлар: AIX CSD-де 2 миллионнан астам жеке инвестор шоты бар.


2025 жылдың 1 тоқсанындағы AIX-тегі орналастырулар

2025 жылдың бірінші тоқсанында биржада 42 жаңа листинг өтті, бұл ретте борыштық орналастыру және құрылымдық қорлар капитал нарығындағы белсенділіктің негізгі драйверлері болып қалды.

  • Корпоративтік еуробондтар: ForteBank және Kaspi.kz он екі жылдық үзілістен кейін екінші деңгейдегі қазақстандық банктердің халықаралық қаржы нарығына оралуын айшықтай отырып, бес жылдық еуробондтарды орналастырды. ForteBank Вена мен Астана биржаларында 7.75% купондық мөлшерлемесімен $400 млн тартты, ал Kaspi.kz Лондон қор биржасында және AIX-те 6.25% мөлшерлемесімен $650 миллионға евробонд орналастырды.
  • Қорлар мен құрылымдық ноталар: ETF және құрылымдық құралдар инвесторларға қаржылық шешімдердің кең таңдауын ұсына отырып, өз позицияларын нығайтуда. 2025 жылдың қаңтарында ITS Орталық Азия мен Кавказдағы шариғат қағидаттарына сәйкес келетін алғашқы индекс қорын – ITS Shariah-ты іске қосты. AIX листингін әртараптандыруға Global VCS PC компаниясының биржалық ноталары (ETN), Ultima Global Markets шығарған ноталар, сондай-ақ Fonte EMU Fund OEIC инвестициялық қорының «D» қосалқы қоры үлес қосты.

Жаңа өнімдер мен қызметтер

  • Tabys қосымшасында Ұлттық Банктің инвестициялық алтын монетасы сауда-саттығының іске қосылуы: Қазақстанда алғаш рет бөлшек инвесторлардың Ұлттық Банктің инвестициялық алтын монеталарын бөліктермен сатып алу мүмкіндігі пайда болды. Ұлттық Банк пен AIX арасындағы ынтымақтастық аясында Tabys мобильді қосымшасының пайдаланушыларына алтынға инвестициялаудың ыңғайлы әрі инновациялық тәсілі ұсынылды. Алтын монетаның бір бірлігі алтынның 1/20 троя унциясына тең, оның құны Лондонның бағалы металдар нарығына қатысушылар қауымдастығы (LBMA) белгілеген алтын бағасы және операция жасалатын күннің алдындағы күнгі теңгенің АҚШ долларына шаққандағы ресми бағамы негізінде анықталады. Алтын монетаның жиырма бірлігі жинақталғаннан кейін, инвестор оларды Ұлттық Банктің аумақтық филиалдарындағы нақты алтын инвестициялық монета ÚKI-ге айырбастай алады. Tabys қосымшасындағы алтын монеталармен сауда көлемі іске қосылғаннан кейінгі алғашқы екі аптада 100 миллион теңгеден асты.

  • Жаңартылатын энергия сертификаттары саудасының басталуы: AIX жаңартылатын энергияның халықаралық сертификаттарымен (I-REC) сауданы іске қосты, бұл Қазақстанда орнықты қаржыны дамытудың маңызды кезеңі болды. 1000 сертификатты сатып алу бойынша алғашқы мәміле қазақстандық жаңартылатын электр энергиясын өндіруші «Samruk-Green Energy» ЖШС мен лондондық Valor Carbon трейдингтік фирмасы арасында жасалды. I-REC жаңартылатын энергия көздерінің ерікті нарығының халықаралық көшбасшыларының бірі саналады және 50-ден астам елде жұмыс істейді. Бұл сертификаттар энергияның жаңартылатын көздерден өндірілгенін растайды. AIX I-REC сауда-саттығын өткізуге ресми аккредитация алған әлемдегі тоғызыншы алаңға айналды.


AIXQI индексі


  • 2025 жылдың 14 наурызында AIXQI индексі 1 561,43 деңгейінде тарихи ең жоғары деңгейге жетті. 31 наурыздағы жағдай бойынша индекске 13 эмитент кіреді.


Жаңа серіктестіктер


Teniz Capital Brokerage брокерлік компаниясы Tabys мобильді қосымшасының серіктесі атанды: AIX 2020 жылы қаржылық сауаттылықты ілгерілету жөніндегі әлеуметтік жоба ретінде әзірлеп, іске қосқан Tabys мобильді инвестициялық қосымшасы жаңа дамуға ие болды. Сервис пайдаланушыларына ұсынылатын инвестициялық өнімдер санын көбейті үшін серіктес ретінде Teniz Capital Brokerage Ltd. брокерлік компаниясы тартылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы жобаны бақылауды жалғастыра береді, ал клиенттердің шоттары бұрынғыдай AIX (AIX CSD) Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінде сақталады.


Анықтамалық ақпарат:
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Goldman Sachs, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ ақпарат: www.aix.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz