ҚазМұнайГаз AIX және Гонконг биржаларында дебюттік Dim Sum еурооблигацияларын сәтті орналастырды

31 октября 2025

Astana International Exchange (AIX, «Биржа») «ҚазМұнайГаз» («ҚМГ») ұлттық компаниясының дебюттік Dim Sum еурооблигацияларының AIX алаңында сәтті листингтен өтіп, сауда-саттықтың басталғаны туралы хабарлайды. Ұлттық мұнай-газ операторы AIX және Гонконг қор биржасында («HKEX») бір уақытта юаньмен номинацияланған еурооблигацияларды орналастырған алғашқы эмитент болды.

Эмиссия көлемі 1,25 млрд юаньды құрап, купон мөлшерлемесі 2,950% және кірістілігі 3,150% деңгейінде белгіленді. Облигациялар 10 млрд юань көлеміндегі орта мерзімді ноталар бағдарламасы аясында шығарылды.

AIX басқарма төрайымы Асель Мұқажанова былай деп атап өтті:

«ҚазМұнайГаз Dim Sum облигациялар нарығында сәтті дебют жасап, тартымды кірістілікке қол жеткізіп, әртүрлі инвесторларды қамтыды. Бұл шығарылым басқа компанияларға мысал бола алады. HKEX пен AIX арасындағы кеңейіп келе жатқан ынтымақтастық екі тараптың да бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, трансшекаралық қаржыландыруға серпін береді».

ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Диана Арысова деп атап өтті:

«Бұл — ҚазМұнайГаздың қытай юані нарығындағы алғашқы шығарылым. ҚМГ-ның Dim Sum облигациялары енді Гонконг қор биржасында және Astana International Exchange-де айналымға шықты. Бұл ҚазМұнайГаздың әлемнің жетекші қаржы алаңдарында танылғанын көрсетеді. Осы шығарылым жай ғана қаржы операциясы емес, сонымен қатар қаржыландыру көздерін әртараптандыруға, инвесторлар ортасын кеңейтуге және Азияның капитал нарықтарына белсенді шығуға бағытталған стратегиялық қадам. Біздің бастамамыз Қазақстанның басқа компанияларына үлгі болып, олар да халықаралық нарықтарға белсене шыға бастайды деп үміттенемін».


Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік бизнесті қаржыландыруды тарту үшін түсінікті және тиімді жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды әзірлейді. Толығырақ ақпарат: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz