Еуразиялық Даму Банкі (ЕАДБ) ESG облигацияларын шығару жөніндегі бағдарлама шеңберінде AIX алаңында 236,8 млрд теңгеге дейінгі мөлшерде Қазақстанның ірі электр энергетикалық холдингі «Самұрық-Энерго» АҚ еншілес компаниясы «Алматы электр станциялары» АҚ (АлЭС) шығаратын орнықты даму облигацияларын (SLB) сатып алу ниетін жеткізді. Облигациялардың басты мақсаты — Алматы ЖЭО-3 қайта жаңартуды қаржыландыру.
ЕАДБ-дан бөлек, жобаның негізгі немесе әлеуетті инвесторлары болып басқа даму институттары мен екінші деңгейдегі банктер қатыса алады.
SLB «АлЭС» облигациялары Орталық Азиядағы орнықты даму облигацияларының ең ірі шығарылымы болады деп күтілуде, ал табысты іске асырылған жоба Алматы агломерациясының энергетикалық жүйесінің тиімділігін арттырып қана қоймай, өңірдің экологиясын жақсартуға өз үлесін қосады.
AIX Басқарма төрағасы Әсел Мұқажанова:
«Соңғы жылдары бүкіл әлемдегі инвесторлар инвестициялық шешімдер қабылдау кезінде ESG өлшемшарттарының маңыздылығын көбірек түсінуде. Нәтижесінде көптеген компаниялар ESG-ді өз қызметіне және бизнес стратегияларына енгізе бастады. AIX қолжетімді өнімдер желісі арқылы орнықты дамуға инвестиция салуға мүмкіндік бере отырып, осы трендке сай бола алғанына қуанышты», – деп атап өтті.
«АлЭС» тұрақты даму облигацияларын шығару бағдарламасы АХҚО Жасыл қаржы орталығының қолдауымен дайындалды. ЖҚО қажетті консультациялық сүйемелдеу көрсете отырып, облигациялар шығару шарттарының тұрақты даму облигациялары қағидаттарына (Second Party Opinion) сәйкестігі туралы тәуелсіз қорытынды жасады.
АХҚО Жасыл қаржы орталығының директорлар кеңесінің төрағасы Данияр Келбетов:
«АХҚО экологиялық тұрақты жобаларға инвестициялар тартуға мүмкіндік беретін инновациялық қаржы құралдарын енгізуге ұмтылады. Осындай жаңа қаржылық өнімдердің бірі тұрақты дамумен байланысты облигациялар (Sustainability-linked bonds) десек қателеспейміз. Біз бүгін Қазақстан Орталық Азияда көміртегі ізін төмендету жөніндегі жаһандық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететін осы облигациялар нарығын бірінші болып іске қосқанын зор қуанышпен хабарлаймыз», — деп пікір білдірді.
Анықтамалық ақпарат:
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және NASDAQ болып табылады, олар сондай-ақ AIX сауда платформасын ұсынады. Биржа өз қызметін ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта шеңберінде жүзеге асырады, осылайша инвестициялық қызметті жүргізудің сенімді шарттарын қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке немесе мемлекеттік кәсіпорындар үшін қаржыландыруды тарту үшін нақты әрі қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстан мен өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді және «Бір белдеу — бір жол» бастамасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды дамытады. Қосымша ақпарат: www.aix.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу немесе жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру, Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық әрі реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz