АХҚО Биржасы Жасыл Инвестициялар Қағидаттарын қолдаушылар қатарына қосылды

26 Сәуір 2019

АХҚО Биржасы Жасыл Инвестициялар Қағидаттарын қолдаушылар қатарына қосылды

«Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы» («АХҚО Биржасы, AIX) «белдеу мен жол» бағдарламасының аясында Жасыл инвестициялар қағидаттарын (ЖИҚ, «Қағидаттар») қолдаушылар қатарына қосылды. Қағидаттар Бейжіңде 2019 жылдың 25 сәуірінде өткен «Белдеу мен жол» бастамасының 2-ші форумы кезінде жарияланды. Құжатты Қытайдың Жасыл қаржы жөніндегі комитеті мен Лондондық Сити «Белдеу мен жол» бастамасының аясында экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқаруды жақсарту мақсатында беделді халықаралық ұйыммен ынтымақтасып әзірлеген.

Құжат үш деңгейдегі (стратегиялық, операциялық және инновациялық) жеті басшылық қағидаттың негізінде әзірленген. Олар құжатқа қол қоюшыларды корпоративтік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге шақырады, экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді азайтуға арналған нақты шараларды ұсынады, сондай-ақ ең заманауи қаржылық жасыл құралдарды пайдалануға итермелейді. 

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетов бұл жөнінде былай деді:

«АХҚО әу бастан жасыл қаржыландыруды өз қызметінің маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындады және Қазақстан мен өңірде жасыл қаржыны ілгерілету мен дамыту үшін қолайлы болуы мүмкін қажетті қағидалар, нормативтік база мен өнімдерді жасауға баса назар аударды. Әлемдегі климат пен қоршаған ортаның өзгеруіне артып келе жатқан назармен қатар жасыл қаржы инвестицияларына да қызығушылық ұлғаюда. Осылайша, АХҚО Биржасының Жасыл инвестициялық қағидатты қолдаушылар қатарына қосылуы жасыл инвестициялардың жаһандық қағидаттарын қамтитын «Белдеу мен жол» бастамасының жобаларына арналған қаржы орталығына айналуды көздейтін АХҚО-ның стратегиясына толық сай келеді».

АХҚО биржасының Басқарма төрағасы Тим Беннеттің айтуынша:

«AIX-тің басымдықтарының бірі – «Белдеу мен жол» бастамасының мүмкіндіктерін пайдалану арқылы өнімдер мен қызметтерді енгізу. Жасыл инвестициялық қағидаттарды қолдаушылар қатарына қосылу біздің халықаралық деңгейде мойындалған экологиялық және әлеуметтік стандарттарға сәйкес Қазақстан мен өңірдің инфрақұрылымын және экономикасын дамытуды қолдауға деген ұмтылысымызды білдіреді. Бұдан басқа, AIX нарығын халықаралық жасыл инвестициялық қоғамдастықтармен ықпалдастыруға көмектеседі. Біз осы бастамаға қосылатын алғашқы ұйымдардың бірі атанғанымызға қуаныштымыз».

Қағидаттарды қолдаушылар қатарына қосылған жаһандық қаржы мекемелерінің саны артып келе жатыр және олардың арасында Қытай Даму Банкі, Қытайдың экспорттық-импорттық банкі, Қытайдың Өнеркәсіптік және Коммерциялық Банкі, Қытайдың Ауылшаруашылық Банкі және Жібек Жолы Қоры сияқты Қытайдың ірі мекемелері мен Crédit Agricole Корпоративтік және инвестициялық банкі, Standard Chartered Банкі, Француз сыртқы сауда банкі, Al Hilal банкі, Гонконг қор биржасы және Natixis банкі сияқты халықаралық мекемелер бар.

Анықтама ақпарат: 

АХҚО биржасы. 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын (AIX)  дамыту аясында құрылды. 2018 жылдың 14 қарашасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АХҚО биржасы алаңында бағалы қағаздардың алғашқы сауда-саттығын салтанатты түрде іске қосты. АХҚО биржасы акционерлері AIFC, Goldman Sachs, Шанхай қор биржасы, Жібек жолы қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ болып табылады. www.aix.kz

АХҚО. АХҚО Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. 2015 жылдың желтоқсанында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық Заңға қол қойды. АХҚО халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыруды мақсат тұтады. АХҚО міндеттері қаржы қызметтері саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру жолымен ел экономикасына инвестициялар тартуға ықпалдасу, жергілікті бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету болып табылады. www.aifc.kz 

Жасыл инвестициялар қағидаттарын Қытайдың Жасыл қаржы комитеті мен Лондондық Ситибеделді халықаралық ұйымдардың қатысуымен және мынадай:Біріккен Ұлттар Ұйымының «Жауапты инвестициялау қағидаттары», ХҚК (Халықаралық Қаржы Корпорациясы) қолдауымен Тұрақты банктік қызмет көрсету желісі, «Белдеу мен жол» бастамасының аясында ICBC (Industrial and Commercial Bank of China) қолдауымен Банкирлердің дөңгелек үстелі, «Белдеу мен жол» «Жасыл» инвесторларының альянсы, Дүниежүзілік экономикалық форум мен Поулсон институтының бастамалары сияқты ірі іс-шаралар аясында әзірленді.

БАҚ үшін байланыс:
Елена Пак
АІХ коммуникациялары жөніндегі басшысы
Tel: +7 (7172) 23 53 94
Email: [email protected]