1. Бас бет
  2. Жаңалықтар
  3. Жеке инвесторларға
  4. IPO
  5. Жиі қойылатын сұрақтар

Жиі қойылатын сұрақтар

Тікелей жазылым дегеніміз не? Акцияларды әдеттегі сатып алудан айырмасы неде?
Тікелей жазылым – бұл акцияларды орналастыруға (ІРО-ға) қатысу тәсілі, мұнда инвестор акциялар сатып алу жөніндегі өз өтінімін ІРО өткізу кезеңінде тікелей компанияға береді. Бұл кезеңде компания/сатушы акционер барлық өтінімдерді жинайды да, өтінім жинау кезеңі аяқталған соң өтінімдерді қанағаттандырудың критерийлерін анықтайды. Қанағаттандырылатын өтінімдер бойынша компанияның акциялары инвестордың брокерде немесе кастодианда ашылған шотына аударылады, ал компания/сатушы акционер қаражатын алады. Қанағаттандырылмаған (немесе ішінара қанағаттандырылған) өтінімдер бойынша қаражат (өтінім ішінара қанағаттандырылған жағдайда ақша қаражатының қалдығы) инвесторға қайтарылады.
Акцияларды әдеттегі сатып алудан тікелей жазылымның өзгешелігі – тікелей жазылым ІРО барысында (акцияларды орналастырғанда/бұрыннан бар акцияларды инвесторлардың ауқымды тобына сатқанда), ал акцияларды биржада әдеттегі сатып алу бұрыннан саудаланудағы акцияларға қатысты жүргізіледі.  
Мен қандай комиссиялар төлеймін?
Тікелей жазылым кезінде инвесторлардан алынатын комиссиялар мәселесін компания/сатушы акционер шешеді. Егер компания/сатушы акционер бөлшек сауда инвесторлары үшін комиссияларды төлеуге әзір болмаса, онда бұл жағдайда ІРО-ға қатысуға өтінім бергенде инвестор тек банктің немесе «Қазпоштаның» комиссиясын ғана төлейді.
Тікелей жазылым құралы арқылы нені сату жоспарланған?
Тікелей жазылым құралы ІРО үшін қолданылатын болады. Сонымен қатар бұл құралды акцияларды жеке орналастыру үшін инвесторлардың шектеулі/дәл анықталған тобы арасында; мысалы, компанияның/сатушы акционердің қызметкерлері немесе клиенттері арасында немесе борыштық бағалы қағаздарды орналастырған кезде пайдалану мүмкіндігі бар. Бұл құрал кез келген компаниялар үшін – квазимемлекеттік/ұлттық компаниялар үшін де, сол сияқты жеке  компаниялар үшін де қолжетімді болады.
Бұл құралдың шеңберінде қандай компаниялардың акциялары ұсынылатын болады?
ІРО-ға шығару жоспарланған акциялардың тізімін «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп анықтайды. АІХ «тікелей жазылым» құралын өздерінің бағалы қағаздарын АІХ-те листингтейтін барлық компаниялар үшін, соның ішінде жеке компаниялар үшін де, олар акциялар мен облигацияларын орналастырған кезде ұсынуға әзір.
Мен бірнеше өтінім беруіме бола ма? Өтінім берілгеннен кейін оның күшін жоюға бола ма? Өтінімімнің қанағаттандырылғанын мен қалай білемін? Егер менің өтінімім қанағаттандырылмаса немесе ішінара қанағаттандырылса, менің ақшаларымның жайы не болады? 
Компания/сатушы акционер бір қолға берілетін акциялар санына шектеу қоя алады. Бұл туралы ІРО-ға қатысуға өтінімдер жинау басталардан бұрын хабарланатын болады.
Кез келген өтінімнің күшін акцияларды бөлу туралы шешім қабылданған сәтке дейін жоюға болады. Бұдан кейін өтінімнің күшін жоюға болмайды.
Сіздің жазылым жөніндегі өтініміңіздің жайын Tabys мобильді қолданбасынан немесе Қазпоштаның сіз өтінім рәсімдеген бөлімшесіне жүгініп, кез келген уақытта тексеруге болады.
Егер Сіздің өтініміңіз қанағаттандырылмаса немесе ішінара қанағаттандырылса, онда ақша/қалдық ақша банк шотына қайтарылады (егер өтінім Tabys мобильді қолданбасы арқылы берілсе) немесе пошта аударымымен (егер өтінім «Қазпоштаның бөлімшесінде берілсе) қайтарылатын болады. Қайтарылу өтінімдер орналастырылғаннан/қанағаттандырылғаннан кейін, банк/пошта аударымы үшін комиссия сомасы ұсталып жүзеге асырылады.
Бұл құрал арқылы тек Самұрық-Қазына компанияларының акциялары ғана сатыла ма?
Жоқ, «тікелей жазылым» құралы АІХ-те листингтелген барлық бағалы қағаздар үшін қолжетімді болады
Акцияларды сату кезінде Қазақстан азаматтары үшін қандай да бір жеңілдіктер/шегерімдер бола ма? Қатысу мөлшеріне шектеулер бола ма? 
Орналастыру шарттарын, ықтимал жеңілдіктерді, инвесторға арналған минималды немесе максималды көлемді эмитент/сатушы акционер анықтайтын болады.
Өтінім берудің қандай әдістері бар?
Акцияларды сату әдісін сатушы (компания/сатушы акционер) таңдайды және бұл туралы өтінім жинау басталарға қарай хабарлайды. Ықтималды әдістер арасында:

Нарықтық баға – инвестор акцияларды белгілі бір сомаға (қандай баға бойынша екені маңызды емес) сатып ала алатын кезде. Мысалы, өтінімді 10 000 теңгеге беруге болады. Егер сатушы акцияларды акция үшін 2 000 теңгеден сатамын деп шешсе, онда инвестор бес акция алады. Егер сатушы акцияларды акция үшін 7 000 теңгеден сатамын деп шешсе, онда инвестор бір акция алады да, 3 000 теңге инвесторға қайтарылады (аударым үшін комиссия шегеріліп).

Лимиттелген өтінім – инвестор акцияларды белгілі бір сомаға және ол өзі өз бетінше анықтайтын шектен аспайтын баға бойынша сатып ала алатын кезде. Мысалы, өтінімді бес акцияға акция үшін 2 000 теңгеден аспайтын баға бойынша беруге болады. Онда инвестордың 10 000 теңге енгізуі керек болады. Егер сатушы акцияларды акция үшін 1 000 теңгеден сатамын деп шешсе, онда инвестор 5 акция мен 5 теңге қайтарым алады. Егер инвестор акцияларды акция үшін 2 500 теңгеден сатамын деп шешсе, онда инвестор акциялар алмайды және оның ақшасы (10 000 теңге) инвесторға қайтарылады (аударым үшін комиссия шегеріліп).

Бекітілген баға – сатушы акцияларды сату бағасын бірден белгілегенде және инвестор өзінің акцияны қандай баға бойынша сатып алатынын білгенде. Мысалы, сатушы акция үшін 1 000 теңге бағасын белгілейді және бұл бағаны біле отыра, инвестор өзінің неше акция сатып алатыны туралы шешім қабылдайды. Мысалы, инвестор акция үшін 1 000 теңге баға бойынша 10 000 теңгеге өтінім беруі мүмкін. Онда ол 10 акция алады.

Сіз бұл құралды не үшін енгізесіз? Бұл құралдан АІХ-тің алатыны не?
Тікелей жазылым құралы ІРО-ға қатысуды і жеңілдету мақсатында енгізілуде – Қазақстанның кез келген азаматының ІРО-ға қатысуға мүмкіндігі пайда болады.
Бұл құралдың заңды екеніне мен неліктен сенуім керек?
Тікелей жазылым құралы эмитентпен қарым-қатынастарды электрондық құжат ретінде бекітуге көмектеседі. Сонымен қатар эмитент пен оның басқару органдарының мүшелерін эмитенттің бағалы қағаздарын АІХ-тің Ресми тізіміне қосардың алдында тексеруден өтед. «Тікелей жазылым» арқылы жасалған мәмілелер бойынша есеп айырысулар АІХ инфрақұрылымы (AIX CSD  есеп айырысу депозитарийі) арқылы жүргізіледі. АІХ пен AIX CSD депозитарийінің қызметін AFSA – «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті реттейді.
Брокерлер арқылы өтінім берілетін әдеттегі тәсілден тікелей жазылымның айырмашылығы неде?
Кез келген инвестор өтінімді Tabys мобильді қосымшасында/Қазпошта кеңсесінде тікелей жазылым құралы арқылы да, сол сияқты үйреншікті тәсілмен – АІХ-тің сауда мүшелері болып табылатын брокерлер арқылы да бере алады. Бұл құрал көбінде әзірге ресми инвесторлар және брокерлік компаниялардың клиенттері қатарына еніп үлгермеген  әрі  , бірақ қор нарығында инвестициялауды бастағысы келетін адамдарға бағытталған. Оның үстіне, АІХ тікелей жазылымды пайдаланған инвесторлар бағалы қағаздар нарығында толыққанды саудалау үшін келешекте брокерлердің клиенттеріне айналады деп сенім артады.
Акцияларды сату бағасы қандай болады?
Акцияларды сату бағасын сатушы (эмитент/акционер) анықтайды, соның ішінде инвесторлар (жергілікті және халықаралық, бөлшек сауда және институционалдық) беретін барлық өтінімдерді ескере отырып анықтайды.
Қатысуға өтінімді Tabys мобильді қолданбасы/Қазпошта кеңселері/брокерлер/брокерлердің мобильді қолданбалары арқылы берген инвесторлар үшін акцияларды бөлуде/орналастыру бағасында айырма бола ма?
Жоқ, акциялары бөлу кезінде қандай әдіспен өтінім бергеніңіз маңызды болмайды; барлық өтінімдер тең  қаралады. Егер акцияларды сатушы мұндай шешім қабылдайтын болса, жергілікті бөлшек сауда инвесторлары үшін акция бағалары қалған халықаралық және (немесе) институционалдық инвесторларға арналған бағаларға қарағанда төмен болуы мүмкін (дисконт).
Мен өз акцияларымды қашан аламын? Оларды қайда аламын? Менің акциялардың иесі екендігім растала ма? Олармен не істеуге болады? Мен оларды бірден сата аламын ба?
Компания/сатушы акционер қанағаттандыратын өтінімдер бойынша акцияларды орналастыру аяқталған соң, бағалы қағаздарды инвесторлардың AIX CSD – АХҚО биржасының Орталық депозитарийіндегі кастодиандық шоттарына есепке салу жүзеге асырылатын болады.
Инвесторлардың шоттары «Қазпошта» бөлімшелерінде «Қазпошта» АҚ операторының Tabys базасын пайдалануымен тіркеуі немесе тікелей инвестордың өзі Tabys қолданбасы арқылы тіркелуі процесінде ашылатын болады. AIX CSD-да әрбір инвестордың бағалы қағаздар сақтауға арналған өз меншікті шоты болады.
Инвестор AIX CSD-да ашатын шоттардың режимі шектеулі – бағалы қағаздарды орналастыру шеңберінде ғана сатып алуға, сол сияқты меншік құқығын ауыстырусыз брокердегі өз шотына аударуға болады. AIX CSD-дағы шот режимі қосымша бағалы қағаздар сатып алуға (жазылым аяқталғаннан кейін) немесе шотта сақтаулы бағалы қағаздарды сатуға нұсқаулардың болуын ұйғармайды. Сауда үшін инвестордың АІХ сауда мүшесі болып табылатын брокерде (тізімі www.aix.kz сайтында Сауда мүшелері бөлімінде қолжетімді) шот ашып, сатып алуға/сатуға брокер арқылы нұсқаулар беруі қажет.
Төлем қалай жүргізіледі?
Төлем өтінім берумен бір уақытта – «Қазпошта» бөлімшесінде кассаға ақша салу жолымен немесе  Tabys мобильді қолданбасына байланыстырылған банк картасымен жүзеге асырылуы тиіс.
Мен дивидендтерді қалай алатын боламын?
Егер компания өз акционерлеріне дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдайтын болса, олар инвестордың AIX CSD-дағы кастодиандық шотына түседі және белгілі бір шектен асқан соң инвесторлар көрсеткен банк карталарының деректемелері бойынша немесе пошта аударымдары арқылы инвесторларға төленетін болады. Бағалы қағаздар брокердің шотына аударылған жағдайда, дивидендтер инвестордың брокердегі шотына есептелетін болады.
Мен акционерлердің жиналысына қатысып, дауыс бере аламын ба?
Иә, компанияның акционері ретінде Сіздің оған толық құқығыңыз болады.  Оны  пайдалану үшін, Сіздің компанияның өзімен байланысып, акционерлердің жалпы жиналысына қатысу үшін қажет құжаттар тізімін беруіңіз қажет.
Менің жасым 16-да, мен ІРО-ға қатысқым келеді, мен мұны тікелей жазылым арқылы істей аламын ба? Сатып алған бағалы қағаздарды мен қашан сата аламын?
Тікелей жазылымды ата-ананың келісімі болған жағдайда, сонымен қатар жасы 16-ға толған кәмелетке жетпеген бала Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес әрекетке қабілетті болып табылатын жағдайда пайдалануға болады.
Сатып алған бағалы қағаздарды саудалау мүмкіндігі ашылысымен бірден сатуға болады (бағалы қағаздарды брокердегі шотқа аудару шартымен).
Бағалы қағаздарды ұсыну шарттары туралы қосымша ақпаратты қайдан алуға болады? Бағалы қағаздар проспектісін қалай оқуға болады?
Эмитент, оның акциялары және акцияларды орналастыру шарттары туралы толық ақпарат қор биржасының Listings -Issuer’s Continuing Obligations — Company Disclosures веб-сайттын бөлімінде жарияланған Бағалы қағаздар проспектісінде қамтылған.