1. Бас бет
  2. Қуаныш Камалиденов

Қуаныш Камалиденов

Ақпараттық-технологиялық процесстердің басшысы

Алғы шеп

Білімді Қазақстанда алдым, тағылымдамадан Нью-Йоркте өттім, онда телекоммуникациялық компанияда жұмыс істеудің орайы келді. Бұл  маған кәсіби тұрғыдан зор ықпал жасаған өте құнды тәжірибе болды. АІХ-ке дейін egov.kz электронды үкіметінің порталын жетілдіру және оны техникалық қолдауға басшылық еттім, оның қызметіне әрбір қазақстандық жоқ дегенде бір рет жүгінді деп сенемін. 

АІХ-те алғашқы кезеңде консультация беруші ретінде жұмыс атқардым – техникалық тұрғыдан көмек көрсетуім сұралды. Nasdaq компаниясымен ынтымақтасып, олардың сауда платформасымен жұмыс істеу жоспарланғаны мені тартты. Америкалық менеджменттің қалай жұмыс істейтіні, олардың жаңа технологияларды қалай ендіріп, жобаларды қалай іске асыратыны маған ұнайды, сондықтан осы процеске кірігу шешімін қабылдадым. Жобаның мен бұрыннан айналысқым келіп жүрген қаржы саласымен байланысты болғаны да қызытырды. 

АІХ топ-менеджментінің технология саласындағы басты шешіші, меніңше, биржаның инфрақұрылымын Amazon Web Services (AWS) бұлттық жүйесіне көшіру болды.  

Әдетте, биржалар мен басқа да қаржы ұйымдары – бұл классикалық консервативті жүйе, олардың белгілі  бір локацияда өздері байланған екі-үш дата-орталықтары бар болады. Форс-мажор жағдайында дата-орталықты жаңа жерге көшіру –бұл ұзақмерзімді және қымбатқа түсетін жоба, ол ұйымның жұмысын баяулатуы немесе мүлде тоқтатып тастауы, үлкен қаржылық шығынға батырып, беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан көптеген елдерде компаниялар өз сервистерін біртіндеп бұлттық жүйелерге көшіріп, гибридтік режимге ауысып жатыр. Бүгінгі таңда АІХ инфрақұрылымы толығымен, Nasdaq сауда қозғалтқышын қоса, бұлттық жүйеде орналастырылған әлемдегі жалғыз болмаса да, санаулы биржалардың бірі. Біз бұл бағыттағы алғашқылар болдық, біздің кейсіміз туралы Nasdaq және AWS сайттарынан оқуға болады. 

Біздің серверлік қуаттарымыз бұлтқа орналастырылған, қазіргі уақытта біз оларды тұжырып, небәрі жарты сағаттың ішінде кез келген, Нью-Йорк, Париж немесе Шанхай болсын, басқа локацияда ұйымдастыра аламыз және биржаның функцияларына бұл еш әсер етпейді. Тағы бір оң жағы – виртуалды инфрақұрылым локацияларды ғана емес, сонымен қатар провайдерді де оңай алмастыруға мүмкіндік береді. AWS-тен басқа, мұндай қызметтерді Google, Microsoft және басқа компаниялар көрсетеді. 

Стартап ретінде біз дамып, өсіп келе жатырмыз, бізге үнемі жаңа қуаттар керек. Егер бұл қуаттар бұрынғыдай сатылып алынатын болса, онда мердігерлер іздеуге, коммерциялық ұсыныстарды талдауға, шарттар жасасуға және т.б. көп уақыт қажет болар еді. Сатып алу процесіне кететін уақыттың ішінде біз бұл жобадан бас тартып та қалуымыз мүмкін. Бұлтта болса мұның бәрі санаулы минуттарда өтеді:  жоба керек пе – серверді «көтересің», жоба енді керек емес пе – серверді «өшіресің». Бұл сонымен қатар ақша үнемдеу және процестерді оңтайландыру мәселесі де. Бұдан басқа, AWS бұлттық технологиялары – бұл тек виртуалды сервистер ғана емес, сол сияқты қауіпсіздік стандарттары, бұл болса биржа жұмысына қойылатын негізгі талаптардың бірі. 

АІХ-те маған достастық және жайлы ахуал, әріптестер арасындағы тең қарым-қатынас ұнайды. Жай амандасып, қал-жағдайыңды білу үшін биржа басқармасының төрағасы сенің кабинетіңе соққанын әдеттегі қазақстандық компаниялардың қайсысынан көре алар едіңіз – мен мұны елестете алмаймын. Ал АІХ-те бұл қатардағы жай.