1. Бас бет
  2. Дарико Байдосова

Дарико Байдосова

Қор операциялары департаментінің бас менеджері

Басқалардың бәрі сияқты емес

Манчестерде университет бітіргеннен кейін мен алған бар білімімді қолданып, өз еліме пайдамды тигізу үшін Қазақстанға ораламын деп шешім қабылдадым. Қазақстандық банкте бөлшек сауда бөлімінде жұмыс істей бастадым. Дәл сол кезде АХҚО жобасы туындай бастаған болатын,  қаржы саласында жұмыс істейтін менің таныстарым ол туралы көп әңгімелеп,  оның келешегін талқылайтын, мен де ақпарат жинақтай бастадым. Мені АХҚО-ның ағылшын жалпы құқығына сәйкес реттелетіні қызықтырды, мен оны басқа пәндердің қатарында университетте өткен болатынмын. Әңгімелесуден сәтті өткен соң,  мен биржаның жобалау бөлімінде жұмыс істей бастадым – ол уақытта АІХ компанясы тіпті әлі жоқ та еді. Бұл нағыз стартап болды, бәрі жоқтан басталды және алғашқы кезеңде біз көп дегенде 10-15 адам ғана едік. Біз  биржа қазір жұмыс істеп жатқан бизнес-процестерді, қағидалар мен қағидаттарды ойластырған едік.  Бұл, әсіресе жас қызметкер үшін, өзің жұмыс істейтін компания көз алдыңда өзіңмен бірге дамыған бірегей және шабыттандыратын тәжірибе болды. 

Біз үшін ауқымды және көп еңбекті қажет ететін жоба сауда жүйесін – бағалы қағаздарды орналастыру және брокерлер мен эмитенттер сауда-саттықты жүзеге асыру үшін пайдалана алатын электрондық сауда алаңын ендіру болды. Басында біз анағұрлым қолайлы сауда алаңын іздедік, сосын оны тестілеп, кастомизацияладық. Nasdaq сауда жүйесінің шынында да нарықтағы ең үздік екенін уақыт көрсетті және қазір біз бұл сауда жүйесін сәтті ендіру тәжірибемізбен басқа биржалардың өкілдерімен бөлісе аламыз.   

АІХ-те көптеген қазақстандық мемлекеттік және тіпті жеке компанияларға тән шектен тыс бюрократия жоқ. Жұмыс процесін әзірлеген кезімізде, біз әлемдегі озық іс-тәжірибе мен прогрессивті тәсілдемені пайдалануға тырыстық. Осының арқасында АІХ – бұл икемді компания, онда жаңа идеяларды оңай ендіруге, сыртқы сын-тегеуріндерге тез ден қоюға және әлемдік үрдістерді қадағалап отыруға болады.

Маған көпжоспарлылық пен көпміндеттілік ұнайды. Осында жұмыс атқарған уақыт ішінде мен капитал нарығының және биржа жұмысының  барлық дерлік саласына қатысты жұмыс істеп көрдім. Осының арқасында менің қаржы саласындағы білімім орасан зор артты. Бұл менің кәсіби өсуіме мүмкіндік беретін нәрсе. Қазірде мен инвестиция әлемін өздері үшін енді ғана аша бастағандардың да биржалық ноталармен сауда жасауларына мүмкіндік беретін Tabys мобильді қосымшасының бөлшек сауда инвесторларымен жұмыс істеудемін. 

Мен АІХ-тің келешегі зор деп сенемін. Шығарылған  бағалы қағаздар санының статистикасы, біздің биржаның сауда мүшелеріне айналған жергілікті және шетелдік брокерлер саны, сауда-саттық көлемінің артуы – мұның бәрі артық сөзді қажет етпейді 

Кәсіби құзыреттерден басқа ең маңызды машық  – бұл бәрін де тез қағып алу деп өз тәжірибеме сүйеніп айта аламын. Біздің заманымызда тек тәжірибе ғана емес, сонымен қатар тез дендеп, оқып-үйрену де маңызды. Біз жаңа жобаларды іске асырған кезде, кез келген жаңа істе қалай болғанда да туындайтын кедергілер мен қиындықтарды жеңу тәсілдерін табуға тура келеді. Міне, сенің бір сәтте шешім қабылдай алуыңа мүмкіндік беретін ой ұшқырлығы осында өте көмектеседі. Мен табысқа жетудің басты тәсілі осы деп санаймын.