Абу-Даби (ADX) қор биржасы және «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы  (AIX) ынтымақтастық шарттары туралы уағдаласты

24 Ақпан 2022

2021 жылғы қазанда AIX және ADX арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Келісімге сәйкес, нарықтардың өтімділігін арттыру мақсатында, екі биржаның сауда мүшелері арасындағы байланыстарды нығайту негізгі басымдық ретінде қарастырылады. Екі нарық та АІХ брокерлерінің ADX-ға және керісінше қолжетімділігіне мүмкіндік бере отырып, нарыққа тікелей қолжетімділікті (DMA) қамтамасыз ететін екіжақты арнаны өзара енгізуге бағытталған.

Екі биржаның бағалы қағаздардың орталық депозитарийлері арасында жеңілдетілген байланыстарды құру биржалық айналым қоры (ETF) мен тіркелген кірісі бар бағалы қағаздарға кросс-листингіне мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен қатар, AIX және ADX үшін шариғат нормаларына сәйкес келетін биржалық өнімдер саласындағы ынтымақтастық ерекше қызығушылық тудырады.

Ұзақмерзімді ынтымақтастықтың басқа салаларына қаржы технологияларының нарығын, нарықтық инфрақұрылым технологияларын дамыту мүмкіндігі, инвесторлардың хабардарлығын арттыру мен персоналды іссапарға жіберу кіреді.

АІХ басқарма төрағасы Ренат Бектуұров былай деп мәлімдеді:

«Біз өзіміздің халықаралық әлеуетімізді арттыруды және нарыққа қатысушылармен байланыстарымызды кеңейтуді жалғастырудамыз. Мен Абу-Даби Қор биржасымен ынтымақтастық АІХ мүмкіндіктерін кеңейтуімізге және өз клиенттерімізге Абу-Даби нарығына және керісінше қолжетімділік ұсынуымызға мүмкіндік беретініне, сонымен қатар екі ел арасындағы қаржылық және экономикалық байланыстардың одан әрі дамуына ықпал ететініне сенемін».

ADX Ба директоры Саид Хамад Аль-Дхахери былай деді:

«Бүкіл әлем бойынша капитал нарықтарында биржалармен альянс құру біздің «ADX One» стратегиямыздың негізгі бөлігі болып табылады, біз оны 2021 жылдың басында нарықтың өтімділігін, тиімділігін көтеру үшін және нарықтық капиталдыруды елеулі түрде ұлғайту үшін іске қосқан болатынбыз. Біздің мақсатымыз –  үздік халықаралық іс-тәжірибеге сәйкес келу және ADX-ті халықаралық инвесторлар үшін анағұрлым тартымды нарыққа айналдыру. АІХ-пен серіктестігіміздің арқасында біз инвесторларды жаңа мүмкіндіктермен таныстырып, сол арқылы екі биржа үшін де өтімділікті арттырамыз деп үміттенеміз».

Сілтеме:
АІХ Биржасы 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Голдман Сакс, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын да ұсынатын NASDAQ AIX акционерлері болып табылады. Биржа ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық база шеңберінде жұмыс атқарады, осы арқылы сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы  жеке және мемлекеттік кәсіпорындар үшін қаржыландыру тартудың айқын және қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде белсенді капитал нарығын дамыту болып табылады. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы шеңберіндегі инфрақұрылымдық жобаларды дамытады. Толығырақ ақпарат: www.aix.kz  
Абу-Даби Қор биржасы (ADX) 2000 жылғы 15 қарашада 2000 жылғы № (3) Жергілікті заңға сәйкес құрылған, оның ережелері нарықты автономды мәртебесі, тәуелсіз қаржысы мен басқаруы бар заңды тұлға етеді. Заң сонымен қатар ADX-ке өз функцияларын атқаруы үшін қажетті  қадағалау және атқару өкілеттіктерін де береді. 2020 жылғы 17 наурызда ADX 2020 жылғы № (8) заңға сәйкес «Жария ұйымнан» «Жария акционерлік қоғамға (ЖАҚ)» түрлендірілді. ADX Абу-Даби көпсалалы экономикасының шешуші секторларын қамтитын ірі кәсіпорындардың кең портфелінен тұратын өңірдегі аса ірі холдингтік компаниялардың бірі – ADQ-дың бір бөлігі болып табылады.
ADX – бұл жария акционерлік компаниялар шығарған акцияларды, үкіметтер немесе корпорациялар, биржалық қорлар шығарған облигацияларды және БАӘ Бағалы қағаздар және шикізаттық тауарлар басқармасы (SCA) мақұлдаған кез келген басқа да қаржылық құралдарды қоса, бағалы қағадарды саудалауға арналған нарық. ADX араб өңіріндегі көлемі бойынша екінші нарық болып табылады және оның әртараптандырылған табыс  көздері бар тұрақты қаржылық көрсеткіштерді қамтамасыз ету стратегиясы БАӘ-нің «келесі 50 жылға жолда» жетекші қағидаттарымен үйлеседі. Қосылған құны жоғары орнықты, әртараптандырылған экономика құруға бағытталған БАӘ стратегиялық даму сызбасы Ұлттық жоспарда жазылып көрсетілген.
Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі Даму Cтратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде бекiтiлуi болып табылады. www.aifc.kz