2021 жылғы қазандағы нарықтық белсенділікке шолу

04 Қараша 2021

AIX-тегі сауда-саттықтың көлемі

AIX-тегі сауда-саттықтың жалпы көлемі 2021 жылғы қазанда 14 349 200 АҚШ долларын құрап, өткен аймен салыстырғанда 30,74%-ға төмендеді. Сонымен қатар, AIX-тегі белсенділік өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда өсімін жалғастыруда – 2021 жылдың қаңтарынан қазанына дейін сауда-саттық көлемі өткен жылдың алғашқы он айындағы сауда-саттық көлемінен 3,6 есе өсті.

Эмитенттер, брокерлер, шоттар

2021 жылдың қазан айының соңындағы жағдай бойынша AIX ресми тізіміне 66 түрлі эмитенттің 111 бағалы қағаз шығарылымы, оның ішінде 2 ETF (Exchange traded funds) және 15 ETN (Exchange traded notes) енгізілді. AIX биржасындағы сауда мүшелері 18 қазақстандық және 11 халықаралық брокер болып табылады. AIX Орталық депозитарийінде инвесторлардың 155 мыңнан астам шоты ашылды.

Қазан айында AIX ресми тізіміне Kaspi.kz холдингінің жай акциялары енді. Саудаға жіберілген Kaspi.kz акцияларының жалпы саны 199 500 000-ның 192 187 223-ін құрайды, осылайша финтех-холдингінің еркін айналымдағы жай акцияларының 96%-ға дейінін AIX биржасы арқылы сатуға болады. Бұл листинг Kaspi.kz акцияларының өтімділігін арттырады және акционерлерге компанияның жай акцияларын иеленуге және сатуға мүмкіндік беретін қосымша қолайлылықты қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Сондай-ақ, қазан айында AIX биржасында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ және «Freedom Finance SPC Ltd» компанияларының борыштық құралдары тиісінше 500 миллион АҚШ долларына және 66 миллион АҚШ долларына листингтен өткізілді. Қор AIX, KASE және LSE-де 2,0% купондық мөлшерлемесі бар жалпы сомасы 500 млн АҚШ долларын құрайтын бес жылдық еурооблигацияларды дебюттік орналастыруды жүзеге асырды. AIX биржасы арқылы қатысу көлемі 57 млн ​​АҚШ долларын құрады. Сұраныстың ұсыныстан айтарлықтай асып кетуі мәміле ауқымын 2,5%-дан 2,3%+/- 5 б.п.-ға дейін қысқартуға мүмкіндік берді, сонымен қатар, тәуелсіз еурооблигацияларға рекордтық төмен спред орната отырып, 2,25% құрайтын мәрелік табыстылықты бекітті.

Қазан айының соңында AIX құрамында үлес құралдары бар компаниялардың (Қазатомөнеркәсіп, Polymetal, Халық банкі, Ferro-AlloyResourcesLimited, Банк ЦентрКредит, Kaspi.kz, Kcell) жалпы нарықтық капиталдандыруы 54 миллиард доллардан асты.

AIXQI индексі

Қазан айында AIXQI индексі іске қосылған сәтінен бастап ең жақсы нәтиже көрсетті – индекс мәні 13,8%-ға, яғни 1031,61 пунктінен 1173,98 пунктіне дейін өсті, барлық 8 индекстік компания айды жасыл аймақта аяқтады. Өсім көрсеткіші 35,8%-ға жеткен Қазатомөнеркәсіп акциялары көш бастап тұр. Компания инвесторлардың жоғары сұранысын уран нарығындағы қолайлы болжамдарының есебінен сақтап отыр, оның іргелі келешегі жаһандық энергетикалық ауысу жағдайында АҚШ, Қытай, ЕО елдері және Ресей тарапынан атом энергетикасына қызығушылықтың артуы есебінен жақсарды.

Іргелі тоқсандық есептерді жариялау аясында Kaspi.kz акциялары (23,24%) айтарлықтай өсім көрсетті. CentralAsia Metal (11,76%-ға) және Polymetal (11,52%-ға) акциялары Қытайдағы энергетикалық дағдарыс салдарынан қыркүйекте болған түсті металдардың баға белгілеулерінің жаһандық төмендеуін жеңіп, өсу деңгейін көрсетті. AIXQI индексіне кіретін банк секторы компанияларының акциялары да өсім көрсетті – ЦентрКредит Банкі 9,93%-ға, Халық Банкі 5,14%-ға артты. Қазақтелеком және ҚазТрансОйл шамалы ілгерілеуді көрсетті, олар тиісінше 3,14% және 1,83% құрады.