Қазақстанның тау-кен компаниялары әлемдегі аса ірі тау-кен конференциясында жаһандық инвесторлардың алдында сөз сөйледі

11 Наурыз 2021

«Astana International Exchange» («AIX», «Биржа») және «Aurora Minerals Group» компаниясы пайдалы қазбаларды барлау және өндіру бойынша дүниежүзілік премьер-форум – PDAC конвенциясының (Канада геологтары мен әзірлемешілерінің қауымдастығы) серіктесі болды және қазақстандық минералды ресурстар нарығының келешегі, инвесторлар мен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер, сонымен қатар жергілікті заңнаманы жетілдіру туралы айтып беру үшін онлайн-режимде Kazakhstan Day өткізді.

Мемлекеттік органдардың, жергілікті және трансұлттық компаниялардың, сол сияқты консалтингтік агенттіктердің өкілдері болып табылатын Kazakhstan Day спикерлері тау-кен саласын дамытудың шараларын ұсынды, геологиялық барлау саласындағы инновациялық технологиялар ендірудің табыстары туралы айтып, қазақстандық тау-кен нарығына шығар кездегі проблемаларды көрсетті.

AIX басқармасының төрағасы Тим Беннетт былай деп түсіндірді:

«Біз Қазақстанда мамандандырылған сегменті мен әртүрлі компаниялар мен инвесторлардың өзара ықпалдасуы үшін брокерлер мен кеңес берушілер экожүйесі бар тау-кен өндірісі өнеркәсібінің юниорлары нарығын дамытуды көздеп отырмыз. Біз Қазақстанға қызығушылық танытатын  шетелдік инвесторларға, сол сияқты компаниялардың меншік иелеріне арнап, олар өз жобаларын шетелдік капиталды тарту үшін ең жақсы жағынан көрсете алулары үшін инвестициялық веб-порталды іске қосуға ниеттіміз».

Гэрри Райт, Rio Tinto Exploration Kazakhstan Бас  директоры, былай деді:

«Жер қойнауын пайдалану, салық салу және экология туралы көптеген кодекстерді жаңартудың нәтижесінде еліміз өзінің табанды еңбегінен пайда ала бастады. Біз Қазақстанда жаңа халықаралық геологиялық барлау кәсіпорындары санының біртіндеп, бірақ айтарлықтай артуын көріп отырмыз. Бұдан басқа, бұл жергілікті компаниялармен серіктестікте геологиялық барлаудың жаңа әдістемелерін енгізе алатын жаңа сервистік компанияларды тартуда қосымша артықшылықтар береді».

Мирек Бенеш, «Қазмырыш» компаниясының геологиялық барлау жөніндегі Атқарушы директоры, Қазақстан, былай деп атап өтті:

«Жуырда өткен жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманы реформалау Қазақстанда табиғи ресурстарды игеру үшін инвестициялық климатты елеулі дәрежеде жақсартуға мүмкіндік берді. «Алтын дүрлікпесінің» бастапқы кезеңі мен геологяилық барлау саласындағы 30 жылдық үзілістен көшу барлық мүдделі тараптардан шындықты жақсырақ түсінуді және ұзақмерзімді міндеттемелер мен озық салалық іс-тәжірибенің арқасында алынған мүмкіндіктерді сезінуді талап етеді».

Қайсар Қожамұратов, «Aurora Minerals Group» компаниялар тобының серіктесі, былай деді:

«Биылғы қаңтарда Aurora Minerals Group компаниялар тобы АХҚО аумағында шетелдік инвестор үшін жаңа компанияны табысты тіркеуден өтіп, ол үшін жер қойнауын пайдалануға арналған 10-нан аса лицензияны небәрі 14 жұмыс күнінің ішінде алды».

PDAC конференциясы сала үшін басты халықаралық оқиға болып табылады және жыл сайын әлемнің 135 елінен 30 000-нан аса адам жинайды. Биылғы жылы форум 2021 жылғы 8-11 наурыз аралығында онлайн-режимде өтеді.

Анықтама:

AIX биржасы 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Голдман Сакс, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын да ұсынатын NASDAQ AIX акционерлері болып табылады. Биржа ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік орта шеңберінде жұмыс істейді, осы арқылы инвестициялық қызметті жүргізудің сенімді шарттарын қамтамасыз етеді. AIX миссиясы  жеке және мемлекеттік кәсіпорындар үшін қаржыландыру тартудың айқын және қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде белсенді капитал нарығын дамыту болып табылады. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы шеңберіндегі инфрақұрылымдық жобаларды дамытады. Қосымша ақпарат www.aix.kz сайтында қолжетімді.

АХҚО. «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. АХҚО құру туралы Конституциялық заңға 2015 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылды. АХҚО құрудың мақсаты халықаралық қаржылық қызметтер көрсететін жетекші орталық қалыптастыру болып табылады.

АХҚО міндеттеріне ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, қаржылық қызметтерге инвестициялау үшін тартымды орта құру, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, сонымен  қатар оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету кіреді.  www.aifc.kz.