АІХ-тің Орталық депозитарийі мен Тіркеушісінің басшылығы ауысты

26 Шілде 2022

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») 2022 жылғы 26 шілдеден бастап АІХ Орталық депозитарийінің (AIX CSD) бас директоры және АІХ Тіркеушісі лауазымын атқаратын Анна Колесниченко бұл қызметтен кеткенін және AIX CSD директорлар кеңесінің атқарушы емес мүшесі болып қалғанын хабарлайды.

АІХ басқармасының төрағасы Ренат Бектұров былай деп атап өтті:

 «Мен Аннаға оның айрықша кәсіби шеберлігінің арқасында АІХ-тің клиринг және есеп айырысу бойынша үздіксіз қызметі жоқтан жолға қойылып, ең жоғарғы дәрежеде қамтамасыз етілгені, ал АІХ Орталық депозитарийі қысқа мерзімнің ішінде жоғары стандарттарға жетіп,  соның ішінде  Thomas Murray беделді А рейтингін (төмен тәуекел) алғаны үшін алғысымды білдіремін. Аннаның орнына клиринг және есеп айырысу командасынан екі жұмыскердің тағайындалуы АІХ-тің ішкі кадрлық әлеуетті өсіру және ілгерілету саясатына сәйкес келеді».

AIX CSD басқармасының төрағасы болып бұрін АІХ-тің клиринг және есеп айырысу жөніндегі аға менеджері қызметін атқарған, сонымен қатар Capital, Central Asia Ventures, Visor Capital, Astana Motors, BTA Банкте әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеген тәжірибесі бар Аяна Қасымхан тағайындалды. А. Қасымхан Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін экономика  және бизнес мамандығы бойынша бітірген.

АІХ Тіркеушісінің директоры Нұрлыбек Орумбаев болды, ол бұдан бұрын АІХ-тің клиринг және есеп айырысу жөніндегі аға менеджері лауазымын атқарған, сонымен қатар оның ҚР Ұлттық банкінде бас маман-экономист болып 9 жыл шамасында жұмыс істеген тәжірибесі бар. Н. Орумбаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бакалавриатын және Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің МВА-сын бітірген.

Анықтама:

AIX биржасы 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Голдман Сакс, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын да ұсынатын NASDAQ AIX акционерлері болып табылады. Биржа өз қызметін ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық орта шеңберінде жүзеге асырады, осы арқылы инвестициялық қызметті жүргізудің сенімді шарттарын қамтамасыз етеді. AIX миссиясы  жеке және мемлекеттік кәсіпорындар үшін қаржыландыру тартудың айқын және қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде белсенді капитал нарығын дамыту болып табылады. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберіндегі инфрақұрылымдық жобаларды дамытады. Қосымша ақпарат www.aix.kz сайтында қолжетімді

Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі Даму Cтратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде бекiтiлуi болып табылады.www.aifc.kz